Қызылорда қаласындағы №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясын жеңіп, 17 миллион теңге сыйақы ұтып алды.
17 миллион теңгенің сертификатын Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Білімді ел – мәңгі ел» тақырыбында өткен облыстың білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі кезінде берілді.
– Бүгінгі күннің өзегі – жас ұрпақтың рухани кемелі. Балаларды ең бастысы ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағлымы кең тұлға ретінде қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та ұстаздарға артылатыны түсінікті.
Ұлттық талғамы мен сана-сезімі жоқ адамда отаншылдық рух та болмайды. Бұл ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ендеше бұл міндеттерді шешудің қайнар бұлағы – мектеп және ондағы негізгі тұлға ұстаз деп білеміз. Баршамызға ортақ міндет – жас ұрпақтың қалыптасып, өмірде өз орнын табуына көмектесу, – деді облыс әкімі.
Кеңеске қатысушылар Қызылорда облысында білім саласының даму қарқынын атап өтіп, одан әрі қарай жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Мәселен, Сыр өңірі «Балапан» бағдарламасын белгіленген мерзімінен бұрын орындады. Алдағы 2 жылда облыс бойынша апаттық мектептердің орнына 12 жаңа білім ұясы бой көтеретін болады. Сонымен қатар, аймақ түлектері «Серпін» бағдарламасы арқылы және Ресей Үкіметінің білім гранттары негізінде жоғары оқу орындарында білім алуда.
Шара соңында үздік деп танылған ұстаздар мен білім мекемелері марапатталды. Соның ішінде Қызылорда қаласының №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясын жеңіп, 17 миллион теңге сыйақы алды.