Ақтөбеде жетімдер мен ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған әлеуметтік үй салынады. Ол облыс орталығына жақын орналасқан Кірпішті елді-мекенінде бой көтермек.
Оған «Сәби» қоғамдық қоры есебінен 1,2 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Тұрғын үйге жақын маңда денсаулығында ақауы бар тұрғындарға жалақы алуға мүмкіндік беретін шағын цех құрылысы жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, кондитерлік өнімдер, аяқ киім жөндейтін цех, тігін цехы, ұста және жөндеу цехы, сонымен бірге шаштараз салынады.
Әлеуметтік үйде тірек-қимыл аппараттары бұзылған жандар үшін сауықтыру құрал-жабдықтары бар дене тәрбиесі, сондай-ақ релаксация залдары болады.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік құрылыс үй құрылысымен танысып, құзырлы орындарға тапсырмалар берді.
– Біз балалар үйлері мен мамандандырылған мектеп-интернат түлектерінің тағдырын бақылауда ұстап, оларға жан-жақты көмек көрсетуіміз керек. Ең бастысы – жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету, оған бар күшімізді саламыз, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
«Ақтөбе ақпарат» орталығының мәліметінше, қазіргі таңда Ақтөбе облысында 70 орынға есептелген Жасөспірімдер үйі бар. Облыстық интернет мекемелерінің түлектері онда 23 жасқа дейін тұра алады. Ал әлеуметтік үйде 16-29 жас аралығындағы түлектер тұратын болады.