Алматы қаласының тұрғыны Мұхамбедия Ахмет-Төре қаладағы халыққа қызмет көрсететін орталықтың маңдайшасындағы мемлекеттік тілде жазылған өрескел қателікті суретке түсіріп алыпты.
«Мынау Алматы. Ал мынау ЦОН. Орысшасында – “центр специализированный”, ал біздің қазақшамызда – “халық специализированный” деп жазылған. Сонда қалай, біз мамандандырылған халықпыз ба? – дейді ол.
Сорақы аударма әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударған. Осыған қатысты пікір білдірген азаматтар бұған орталықтың басшылығын кінәлап отыр.
«Сұрықсыз аударма! Селқос басшы, сауатсыз мамандар осы “мамандандырылған” жұмысқа күнде келеді ғой. Мән бермейді!” – дейді әлеуметтік желідегі белсенді топ.
Ал енді біреулер орталықтың басшысына ЦОН-ның қазақша қалай аударылатынын көрсетіп беріпті.
Олардың айтуынша, дұрысы –
“Халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталығы” немесе “Халыққа қызмет көрсету жөніндегі мамандандырылған орталық”.
Сосын “мамандандырылған ” дегеннен көрі , “арнайы” деген дұрыс емес пе? Сауат қайда?» – дейді олар.
Пікір білдіргендердің арасында «сонда маманданбаған халық қайда барады?» – деп мысқылдағандар да бар.
Айта кетелік, мемлекеттік мекемелердің қазақ тіліндегі жазуға жауапсыз қарайтын жағдайы жалғыз емес. Бұдан бұрын біз Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институтының қабырғасында ілінген стендтегі мемлекеттік рәміздер туралы ақпаратта өріп жүрген қателер туралы жазған едік. Қуантарлығы, институт басшылығы сынға жедел көңіл бөліп, олқылықты тез арада түзеуге уәде берген болатын. Бірақ… ұмытып кетті ме, әлі күнге дейін жауап жоқ.
Ал «мамандандырылған халыққа қызмет көрсететін орталықтың» басшылығы бұған не дер екен?