Алматыда мектеп оқушылары мен студенттер «Оңай» жол жүру картасын жаз мезгілінде де пайдалануға мүмкіндік алды. Бұл туралы бүгін «ОҢАЙ» электрондық билеттендіру жүйесі операторының баспасөз қызметінен хабарлады.
Алматы әкімдігі мен «ОҢАЙ» электрондық билеттендіру жүйесі операторының өзара келісімі бойынша, енді жаз айларында мектеп оқушылары мен студенттер «ОҢАЙ» жол жүру картасын пайдалана алады.
Олардан басқа, жол ақысы бойынша белгілі бір жеңілдіктерге ие азаматтар да өздерінің жеңілдетілген жол жүру карточкасын пайдалануларына болады.
Естеріңізге сала кетелік, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған көлік картасының бағасы қалалық қоғамдық көліктердегі тарифтің 50 пайызын құрайды.
Мұндай жеңілдік жас мөлшері бойынша зейнеткерлерге және 18 жасқа толмаған төрт және одан да көп балалары бар аналарға да берілген.
Ал Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, жасы 75-тен асқан зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне теңестіріліген тұлғалар, бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер және жасы 18-ге толмаған мүгедек балалар қоғамдық көлікте тегін жүре алады.