ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, еліміз бойынша 2016 жылдың 4 айында 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 2 пайызға төмендеді.
ЖКО салдарынан 1118 кәмелетке толмаған бала жарақат алып, олардың 37-і қаза тапты.
Статистикалық көрсеткіштерге қарағанда, жол апаттарының себептері өзгермеген. Жалпы, 90 пайыздан астам ЖКО Жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілердің кінәсінен болады. Атап айтқанда 4785 апат жасалған, оның ішінде 138 алкогольдік және есірткілік мас күйінде болған жүргізушілердің кінәсінен орын алған.
Ең көбісі, яғни 1458 ЖКО жылдамдықты арттырудан болды, соның салдарынан 221 адам ажал құшып, 1746-сы жарақаттанды.
Биылғы жылы қоғамдық көліктің қатысуымен 350 ЖКО болып, онда 22 адам қаза тапты, 473-і жарақаттанды.
Айта кетейік, «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет адамдардың өліміне немесе жарақаттануына әкеп соққан жол-көлік оқиғаларын ғана есепке алады.