Жер Кодексіне енгізілген өзгеріс қоғамда дау туғызғанда – халық ел алдында жүрген абыройлы, аузы дуалы тұлғаларының уәжін, осы дауға қатысты пікірін күтті. Өкінішке қарай, дау өршіп, халықтық сипат алғанға дейін өнер адамдары да, лауазымды тұлғалар да, тіпті, күні кеше ғана сайланған халық қалаулылары да жұмған ауыздарын ашпады.
Тек, Елбасымыз Н.Назарбаевтың Атырау халқының митингіге шыққанына алғыс білдірген пікірінен кейін ғана өнер адамдары, бірқатар танымал тұлғалар «тіріле» бастады. Солардың бірі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан өзінің Твиттердегі парақшасында былай деп пікір білдіріпті:
“Халқымның маxаббаты маған өте қымбат. Ал, елімнің амандығы мен жұртымның тыныштығы одан да қымбат! Таңдауымды түсінші, асыл алашым!”
Ел сенім артқан азаматтың осы жазбасы:«Жек көрсеңдер – өз еріктерің! Жер жалға берілсе, беріле берсін. Маған қымбаты – елдің амандығы мен депутаттық кезеңімнің тыныш өтуі. Мен соңғысын таңдадым» – дегенді ұқтырғандай болды.
Сонда бұл ел депутатқа қарайды, ал депутат жерге қарады деген сөз бе?