Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Өкілетті органдар 5 жыл бұрын жоғалған “Болашақ” студентін іздеуге енді кірісті

Тек күні-кеше ғана әкесінің қайтара жазған өтінішінен соң, шетелдегі Қазақстанның өкілдері өскемендік жігітті табуға тырысуда деп хабарлады КТК телеарнасы.

АҚШ-та іс-түссіз кеткен студентті іздеу негізі жыл басында басталған екен. Тек онда да жер-жерді тіміскілеп емес, жақындарынан сұрастырып қана. Дипломаттар, штаттардағы қазақ диаспорасынан Ержанның бар-жоғын сұрапты. Бірақ, бірге оқитын курстастары да, «Болашақтың» сол елдегі бақылаушылары да бейхабар боп шыққан. Ал полицияға беруге баланың төлқұжаты болмай, сөйтіп іздеу жұмыстары аяқсыз қалыпты.

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Әкесінің өтініші бойынша біз баланы іздедік. Консул өкілдері сол жақтағы студенттерден де сұрақ-жауап алып, оның қай жерде жүргенін таппақ болды. Бірақ, құжаттарының көшірмесі қолға тимеген соң, тексеруді тоқтатқан едік.

«Құжат таппадық» деген желеуді құзырлы орындар енді ойлап табуы да мүмкін. Әйтпесе, шетел асқан студент төлқұжатының көшірмесі еш жерде сақталмапты дегенге сену қиын. Десе де, енді іздеу қайта басталды. Оның өзі студенттің іс-түссіз жоғалуы қоғамда үлкен талқыға түскен соң ғана болып отыр. Министрлік студенттің бар құжатын «Болашақтан» алдырып, АҚШ-тағы консулдыққа енді жіберіп отыр. 28 жастағы Ержан Еліковты табуға, тіпті, ішкі істер департаменті де қызу кірісіп кеткен.

Қалтай Қалиақбаров, адвокат:

-Жоғалып кету фактісі бойынша арнайы тергеу, тексеру әрекеттерін Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаменті жүргізіп жатыр.

Ұлының іздестіріліп жатқанын естіген ата-анада жан қалмады. Тек «Болашақтың» баласына жүрдім-бардым қарағанына қапалы. Өйткені, баласын бір кездері бағалап, шетел асырғандар, енді оны білімсіз деп атаған. Анығында, ол сабақты жақсы оқыған, оған шәкіртақының үзілмей берілгені дәлел.

Серік Еліков, Ержанның әкесі:

– Бізге бір рет хат жазып, балаларыңыз оқымай жатыр, бірінші курстан кейін айтқанда ғой, шіркін. Нашар оқыса қайтарып жіберуі керек еді. Өзіміздің Қазақстанның университетінде бітіруші еді ол.

Бірақ, қызығы сол, «Болашақ» үлгерімі “нашар” болды деп дәйек келтіріліп жатқанымен, ол студент төрт жыл бойы стипендия алып жүрген. Тек жоғалған жылы оқудан шығарылып отыр. Оның өзінде сабаққа келмегені үшін. Әзірге сотқа дейінгі тергеу шаралары басталып кеткен.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз