Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
18
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

42 500 теңге жәрдемақы елдегі жұмыссыздыққа қатысты нақты жағдайды әшкере қылды — Своик

269
Петр Своик. Дереккөзі — total.kz
Жақында өткен үкімет отырысында Қазақстандағы карантинге дейінгі және карантиннен кейінгі кезеңдегі жұмыссыздық деңгейі туралы талқыланды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жылдың қорытындысы бойынша алдын ала жасалған болжамға сәйкес жұмыссыздық деңгейі 6,1%-ды құрайды деп мәлімделді. Бұған дейін 5,9% болады деп болжанған еді. Министр келтірген мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында экономикадағы жұмыспен қамтылғандар 8,8 млн. адам, ал жұмысыздық деңгейі — 4,8% болған.

Сәуір-мамыр айларында 4,2 млн қазақстандық уақытша жұмыссыздар қатарына енді

Ведомство бұл қиындықтан шығар жолды тапты. 1,2 млн адамды «Еңбек», Жұмыспен қамту жол картасы,  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары бойынша  жұмысқа орналастырады.

Алайда

қалған жұмыссыз 3 млн адам не істеу керек?

Олар неліктен Еңбек министрлігі болжаған жұмыссыздық бойынша статистиканың небәрі 0,2%-ын құрайды? Экономист Петр Своиктің пікірінше, әлеуметтік ведомство осындай күлкілі сандарды айтып, алдап отырған жоқ. Олар жұмысқа орналасу үшін мемлекеттің көмегіне жүгінгендерді ғана есепке алады. Сонда Қазақстанда нақты қанша адам табысынан айырылды?

Халықтың үштен бірі жұмыссыз жүр

— Петр Владимирович, түрлі бизнес саласындағы жұмыссыздықты ескерсек,  еңбек министрлігі айтып отырған 6,1% шындыққа жанаспайтындай көрінеді. 

— Ал мен министрлікке сенемін. Себебі «қазақша» жұмыссыздық дегеніміз Еңбек министрлігі қаржыландыратын қандай да бір бағдарламаға тіркелген адамдар. Сондай-ақ министрліктен материалдық көмек сұрайтындар. Міне осылар жұмыссыздар статистикасына кіреді. Бұл тұрғыда министрлік нақты есеп жүргізіп, белгілі бір адамға жұмсалған  ақшаны жіті бақылайды. Ал көмекке жүгінбегендерді ведомство жұмыссыздардың қатарына қоспайды. 

Ал жұмыспен қамтуға қатысты нақты жағдайға келер болсақ, Қазақстанның ресми статистикасында 3-4 млн құрылымданған жұмыс орны жетіспейді

Дағдарысқа дейінгі уақытта да құрылымдық жұмыссыздық жұмысқа қабілетті халықтың кем дегенде үштен бірін қамтыған еді. Мен жалақыны бухгалтерия арқылы төлейтін, салық және зейнетақы есебін тапсыратын мекемелерде жұмыс істемейтіндер туралы айтып отырмын. Қазақстанда жұмыспен қамтылған мәртебесі бар жолы болғыш азаматтардың саны 6 млн адамнан көп емес.

Жұмыспен қамтылғандарды есепке алу бойынша ең сенімді БЗЖҚ статистикасына назар аударайық. Патент бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді ескерсек, мен атаған заңды жұмыспен қамтылғандардың нақты саны шағады.

Қалғандарының бәрі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Заманауи экономикада өзін-өзі жұмыспен қамтуға болмайды. Әйтеуір біреу ресми түрде аяқкиім жөндеп, киім тігу керек қой. Әрине еркін кәсіптер бар, оларды жоққа шығара алмаймын.

— Таксистер, фрилансерлер…

— Таксистер құрылымданған жұмыспен қамту құрамына енуі керек.

Артық адамдар

— Мен қарапайым  жеке таксистерді айтып отырмын.

—Мен де солар туралы айтамын. Мысалы, Германияда таксидің құнын есептеуіш құрал бойынша төлемесе, таксист клиентін не арандатушы, не ақымақ біреу деп қабылдайды. Себебі оған есептеуішпен жұмыс істеу пайдалырақ, ол арқылы барлық әлеуметтік төлемдері — сақтандыру, зейнетақы салымдары өтеді. Міне бұл Германиядағы құрылымданған еңбекпен қамту жүйесі. Ал Қазақстанда онда 5-6 млн адам ғана қамтылған, қалғанының барлығы бұл жүйені айналып өтуде. 

Басқалары «өзін-өзі жұмыспен қамту» деген статистикалық қулықтың құрамына кіреді. Ал шындығына келгенде бұл адамдар жұмыспен қамтудан тыс жатыр.  Неліктен бұлай болды?

Экспорттық-шикізаттық экономика тұрғысынан халқы өте көп елміз. Қазір үкімет барлық жұмысқа қабілетсіз адамға жәрдемақыны қайдан аламыз деп қиналуда.

Менің айтқанымның барлығы дағдарыс пен коронавирусқа және мұнай бағасы құлдырағанға дейін болған жағдай. Яғни, қазір жағдай одан бетер ушығып кетті.

— Яғни, шындығына келер болсақ, Қазақстандағы жұмыссыздардың саны Еңбек министрлігі көрсеткендей 6,1% емес, 30% ба?

— Аздаған мысқылмен сөйлейтін болсам, Еңбек министрлігінің  тек министрліктің ақшасы жұмсалатын адамдарды жұмыссыз деп есептеуі оларға ыңғайлы позиция. Ал шындығында жұмыссыздар әлдеқайда жоғары.

Дағдарыс кезінде мемлекет табысынан айырылған адамдарға ең төменгі жәрдемақы төлейміз деп шешім қабылдады. Бұл жұмыспен қамтудың нақты жағдайын әшкере қылды

— 42 500  теңгені 5 миллионға жуық адам алды.

Жұмыс бұрын да болмаған, қазір де жоқ па?

— Бірақ 8 миллионнан астам өтініш берілді ғой?

— Иә, дәл солай. Бұрын мемлекет қайта даярлаудан өткізу және көпбалалы отбасыларға мардымсыз жәрдемақы беру  секілді түк маңызы жоқ нәрселерге қаржы жұмсайтын. Ал оған қаншама қағаз жинау керек. Сондықтан барлығы бірдей оны алуға талпына бермейтін. Бұл дағдарысқа дейін аздаған жұмыссыздықтың пайда болуына себеп болды. 

Осы сәтте мемлекет жұмысын жоғалтқандардың барлығына 42 500 теңге  төлейміз деп мәлімдеді. Ақыр аяғында не болды? Бұл ақшаға Қазақстан азаматтарының барлығы дерлік өтініш берді. Нәтижесінде бұған дейін Еңбек министрлігінің елдегі жұмыссыздық деңгейі 4.8% деген қияли әңгімесі бір сәтте жоқ болды. 

Егер мемлекет 5 млн адамға 42 500 теңге төлесе, олардың табысы мен қалыпты жұмысы жоқ екенін мойындады деген сөз

Бұл карантин кезінде жұмысынан айырылғандар деп айтуға тырысудың қажеті жоқ. Себебі олар дағдарысқа дейін де жұмысы болмағандар.

Министрлік біреулерді жұмыспен қамтимыз деп уәде берді. Мүмкін солай болатын да шығар. Бірақ министрліктің көзқарасымен жұмыспен қамту дегеніміз не? Бұл құрылымданған жұмыс орындарын құру емес.

— Ақылға қонымды жалақылары бар…

— Иә. Бірақ бұл жұмыс орындары 2050 жылға дейін болмайды. 

2020 жылы Еңбек министрлігі жұмыспен қамтитын 1,2 млн адам тек министрліктің бюджетін игеру үшін ғана қажет

Жалпыға ортақ еңбек қоғамы

— Мемлекет 1,2 млн адамды жұмыспен қамтыса да, олардың жалақысы ең төменгі деңгейде болады. Мемлекеттік еңбек нарығында ұсынылатын жалақы деңгейіне қарағанның өзі жеткілікті. Яғни, тағы 4,2 млн адам жұмысынан айырылып, кедейліктің алдында тұр ма?

— Бос қиялдың керегі жоқ. Министрлік нақты, тіпті жалақысы төмен жұмыс орындарын құрмайды. Ол тек бюджет ақшасын игеру мақсатында құрылатын есептік жұмыс орындары. Бұл бағдарламалардың нақты жұмыспен қамтуға қатысы шамалы.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз