БҰҰ-ның Балалар қорының есебі бойынша, 2016 жылы Сириядағы соғыстан 650-ден астам бала қаза тапты. Халықаралық ұйымның есебі бойынша, бұл соңғы үш жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Мектепте және оның маңайында кемінде 255 бала көз жұмған. Жүзге жуығы сырқаттан қайтыс болған. Баяндамада дәрі-дәрмек дер кезінде қолданылғанда, балалар аман қалушы еді делінген.
ЮНИСЕФ мәліметінше, былтыр 851 бала қарулы топтың қатарында соғысуға мәжбүр болған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда екі есеге көп.
Сирияда шамамен 6 миллионға жуық бала гуманитарлық көмекке тәуелді. Қоршаудағы 250 мың балаға көмек көрсетуге мүмкіндік жоқ. Мектеп жасындағы екі миллионға жуық сириялық бала білім алмай отыр.