Алматы облысының салықшылары кәсіпкерлерді тақырға отырғызудың сұмпайы амалын тапқан. Кіріс департаментінің қызметкерлерін заңды “белден басты” деп айыптаған кәсіпкер Екатерина Ким осындай мәлімдеме жасады.
Мұнысы тегін емес. Айтуынша, осыдан біраз бұрын Екатерина Кимнің үстінен экономикалық қылмысқа барды деген айыппен іс қозғалған. Бизнес серіктесі мен екеуіне “орындалмаған жұмысқа шот-фактура толтырды” деген кінә тағылыпты. Кәсіпкер өз кезегінде мұны жала деп отыр.
Екатерина Ким
“Осы арқылы облыстық мемлекеттік кіріс департаментіне қарасты экономикалық тергеу қызметінің мамандары пайдаға кенелуді көздеп отыр. Бұлар мұнымен тынған жоқ. Кейіннен мәселемізді ың-шыңсыз шешу үшін пара сұрады. Тіпті, облыс прокурорының орынбасарына дейін бізден 200 мың доллар талап етті. Дәлел дейсіз бе? Дәлел бар. Аудижазбалар қолымызда. Тоқ етерін айтқанда, біздің үстімізден жалған қылмыстық із қозғады”, – дейді Екатерина Ким.
Алайда кәсіпкер қыздар сұрағанға береген болудан бас тартқан және Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға шағымданған.
Әзіргі күні экономикалық тергеу қызметі мамандарының өздеріне қатысты тергеу жүріп жатыр. Салықшылар, өз кезегінде, кәсіпкерлер ұсынған аудиожазбалардың жалған болуы мүмкін екенін айтуда.
Кәсіпкерлер болса өздеріне қатысты істі тексеруді басқа органға ауыстыруды сұрайды. Себебін, қылмыстық істі тергеу жұмыстары сағызша созылып кеткен. Салдарынан серіктесі екеуі бірігіп ашқан қазақстандық өндірушілердің тауарын сататын дүкендерін жабуға мәжбүр болыпты.
“Барлығы, 60 адамды жұмыспен қамтыған едік. Жұмыссыз қалды қазір. Соңғы айлықтарын да бере алмадық. Себебі, шотымыз жабық”, – дейді Екатерина Ким.
Әбден тығырыққа тірелген кәсіпкерлер ендіге жерде мәселеге Бас прокурордың өзі араласса дейді.