Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“100 жаңа есім”: Медицина майталманы – Жасан Зекейұлы

276

Ол 1967 жылы дүние есігін ашты. Ол кезде бодан едік біз. Қызыл империяның қоластында едік. Қазақ дүниенің түкпір-түкпірінде тарыдай шашырап жатқан ол тұста. Жасан Зекейұлы Тарбағатайдың Қытай бөлігіндегі Толы ауданында дәулеті орташа отбасында өмірге келді.

«Балалық шағымда, – дейдi ол, – менiң ең жақын досым кiтап болды. Әкеміз үйдегі бар бала-шағаны жинап алып, ұлы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерiн оқытатын. “Абайды оқыңдар, Абайды танымай қазақты тану мүмкін емес» дейтін ол. Міне содан бастап кiтап көрсем ұмсынып тұру үйреншiктi дағдыма айналды. Әсіресе, батырлар жыры мен қиссаларды ерекше сүйсiнiп, берiлiп оқитынмын. Тіпті кей ретте түнiмен кiтап оқып, таңертеңгi сабаққа көзiмдi тырналап әрең ашатын едім. Әлi күнге есiмде, Әуезовтың «Абай жолын» алғаш оқыған сәтiм… Есімде қалғаны сол кездерi жұрттың бәрi бұл кiтапты іздеп жүрім оқитын. Иiс кемпiрдiң ұлы Исаның өзi жалғыз боранды түнде қасқырлармен алысып, суық өтiп, ауырып қайтыс болғанын оқып отырған сәтте, көзiмнен жас шығып кеттi. Бәлкiм, менiң дәрiгер болуыма сол бiр кездегi көңiл-күй, iшкi жанашырлық өз әсерiн тигiзген де шығар…», – деп

Білетіндер айтады Жасан ата-анасынан алған көркем мiнездi сақтай бiлген деп.

Оның бала кезіндегі Толы ауданындағы үйлерінен қонақ үзілмейді екен. Келетіндердің көпшілігі осындағы емханаға жатып емделу мақсатымен аялдайтын болған.

Шыны керек әлгі кісілердің әбден жүдеген, аурудан қиналған сәттерiн көрген кезде есейгенде «емшi болсам» деген арман ұялады. Айталық, сыныптастарым төбелесіп не болмаса құлап бір жерлерін сырып алса қан аққан жерге міндетті түрде ем дом жасап, бәйек болатын едім. Рас, әкемнің ақылын таңдап әкімшілік саласын да таңдауыма болар еді, бірақ мұндай ой санама кiрiп-шыққан жоқ. Осы кәсiптi таңдадым. Оған ешқашан өкiнген емеспiн», – дейді Жасан аға.

Иә, арман қуады. Мектепті бітіргесін Үрiмжiдегi Медицина университетiне түседі. Оқу орнын аяқтап шыққасын Куйтін қаласындағы емханада хирург-маман ретiнде бiраз жыл еңбек етедi. Ортасын өзінің білім-білігімен мойындатады.

«Дәрігер ретiнде қолымнан келгенше сол өңiрдiң қазақтарына көмектесуге тырысып бақтым, Тіпі түскi ас кезiнде де дем алмаушы едім. Себебі менiң ота жасағанымды күтiп аурухана төсегiнде ондаған адам жататын. Оларға көмектесу, бiр минут болса да, ертерек ем-шара қолдану – өзiмнiң мойныма жүктелген iшкi жауапкершiлiк. Бұдан сырт ол кезде, әсiресе, өзiмiздiң қаракөздердiң арасында ауру-сырқау да көп еді. Міне, соларға шама-шарқымша дәрумендi дәрiлердi арзандатып, басы артық ем-шараны азайтып берсем, кiрiптар жандарға көрсеткен азғантай көмегiм екенiн iштей сезетiнмiн», – дейді ол.

Уақыт өте келе ол емшілікке бет бұра бастайды. Қытай медицинасының қыр-сырымен танысады. Шөп пен судың, ағаш пен жан-жануардың бәрiнiң артықшылығын, өзiндiк қасиеттерiн зерттеп, зерделейді.

Еліміз егемендік алғанда атамекенге ат басын бұрған алғашқы топтың өкiлi осы – Жасан Зекейұлы. Қазіргі ол басқарып отырған «Жас – Ай» медициналық орталығы еліміздегі ең үздік емханалардың бірі.

Сөнуге айналған үмітті «Жас-Ай» жақты”

Шынымен солай. Қашан барсаңыз да, қаптаған адам. Былтырғы жылы Елордадан «Жас-Ай» Шығыс-Тибет медицина орталығының бөлімшесі ашылды.

Орталықтың құрылғанына 13 жылдан асыпты. Осы уақытқа дейін Зекейұлының зәру жандарға сыйлаған шапағаты туралы аз жазылған жоқ. Осы уақытқа дейін орталықтан 70 мыңнан аса адам ем алыпты! Бүгiнге шейiн мыңдаған қолы қысқа жандардың бiрiне тегiн, ендi бiрiне жағдайына қарай жеңiлдiкпен емдеудi ұсынған бұл орталық емделушілердің ыстық лебізіне ие болып келеді.

Алматы облысы, Іле ауданының тұрғыны Дәулет Қолдажаев «Жас-Ай» медицина орталығы туралы былай дейді.

«Үйленгеннен кейін шамалы уақыт өткенін әйелім Ботагөз ауырып, мазасыздана бастады. Дәрігерге бардық. «Оң жақ аналық безінің қабынуы» деген диагноз қойды. Сөйтіп ота да жасалды. Бұл 1999 жыл еді. Арада 3 жыл салып, тағы да ілгеріде аты аталған диагнозбен әйеліме қайта операция жасалды: сол жақ аналық безі мен түтікшесі алынды. Арада біраз уақыт өткеннен соң, сол бұрынғы диагнозымен жан сақтау бөліміне дейін түсті. Сөйтіп жүріп 6 жыл өте шықты. Сәбилі бола алмадық. Осы отадан кейін жүкті боласың деген соң, тағы бір ота жасатуға келістік. Бірақ еш нәтиже болмады. Мықты дәрігерлерге дейін бардық Бәрі де: «Бала көтермек түгілі, әйелің аман қалса, соған қуан» деп шығарып салды. Алайда, Алладан үмітімізді үзген жоқпыз. Осылай қиналып жүргенде «Жас-Ай» медицина орталығы бар дегенді естіп, сонда бардық.

Бізді профессор Жасан аға Зекейұлы қабылдады, әйелімнің тамырын ұстап, диагноз қойды. Ол кісі жұбайыма «бір емес екі балалы боласың» деп қуантып тастады. Ол кезде біз Жәкеңе шынайы үміт артпасақ та, дәрігер ретіндегі жылы сөзімен үміттендіргені үшін риза болып қалған едік. Бірақ ол кісі біліп айтыпты. Шынымен, әйелім орталықта ем қабылдай бастағанда өзін жақсы сезіне бастады, ем қабылдап жүргенде жүкті екені байқалды. Бұл қуанышымызды бұрынғы емдеген дәрігерлер естігенде олар таңырқап, Ботагөзден қалай бала көтергенін сұрапты. Осылайша сөнуге айналған үмітімізді «Жас-Ай» жақты!”.

Бұдан бөлек басқа да маңызды деректермен бөлісе кетелік. Осы уақытқа дейін инсульт алған 4 мың адам сауықса, сал ауруына шалдыққан (ДЦП) 5 мың бала орталықтың емімен аяқтан тұрып, ел қатарына қосылған екен.

Бұдан сырт белсіздік пен бедеулікке шалдығып, перзент сүйе алмауы мүмкін қаншама отбасы осы орталық арқылы сәбилі болған. «Жас-ай» медицина орталығынан ем алған науқастардың 80-90 пайызы ауруынан жазылып, аяқтан тұрып кеткенін нақты статистика арқылы білдік.

Абай жолы

Жасан Зекейұлы емші ғана емес, психолог та.

«Аурудың алдында барғанда жанарынан, сөзiнен, iс-әрекетінен-ақ қай тұсының ауырып тұрғанын байқайсың. Бойдағы үндестiк пен үйлесiмдiлiк бұзылса, ауру бар деп бiлiңiз. Мен соны жүрегiммен сеземiн. Кейбiр науқастарға тексермей тұрып-ақ,  қандай сырқат бар екенiн, қай жерлерi ауыратынын айтып берем», – дейдi ол.

Ол Абайдың жолымен жүреді.

«Адам болғасын – адамша өмiр сүруге тиiспiз. Абай айтпаушы ма едi: «… күнiне, аптасына, айына, тым құрығанда жылына бiр рет болса да, өзiңе өзiң есеп бер» деп. Иә, адам болып туғасын, адам боп күн кешу – мiндет. Мен соны көңiлiме бекем тұтқан адаммын. «Бүгiн не iстедiм, не бiтiрдiм, ертең не iстей аламын?» Осы сұраққа жауап iздеу керек әрдайым», – дейді емші.

Қайырымдылық

Осы күнге дейін ол 500-ден астам ғылыми-медициналық мақала жазып, бірнеше кітап шығарып үлгерді. Оның жазған дүниелері шетелдік БАҚ-тар да жарияланып, ғылыми ортаның қызығушылығын тудыруда. Қазіргі күні «Жас-Ай» орталығында зерттеу лабораториясы жұмыс істейді.

Дәрігер қоғамдық жұмыстардан да белсенді. Елдің маңызы бар мәселелерге әркез үн қосып, қоғамдық шаралардың басы-қасында жүреді. Бүгінде «Жас-Ай» медициналық орталығы елішілік мәдени шаралардың өтуіне, спортшылар мен жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау жасауда. Міне 12 жыл бойы тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушыларға еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орындарына оқу грантын бөліп келеді. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен өткен қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысып, жыл сайын «Мектепке барар жол» акциясы бойынша жүздеген қамқорсыз қалған балаларға көмек қолын созуда.

Танымал «Алтын жүрек» сыйлығы халыққа істеген осындай қалтқысыз қызметі  үшін берілді. Жасан Зекейұлының жомарттығы мұнымен шектеліп қана қоймайды, ел алдында жүрген азаматтар мен халық қалаулыларына, жергілікті бизнес өкілдеріне де қолдау танытып отырды. Елі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға тегін ем түрін ұсынды. Өзі құрған «Ел шуақ» қоры арқылы сан-салалы игі істерге көмек қолын созып, меценаттық танытып келеді.

Нақтылап айтсақ, осы күнге дейін 800 миллион теңгеге тұрарлық 15 мың адамға тегін ем көрсеткен. Бұл – шынымен де айтуға, дәріптеуге тиісті игі іс.

Елге пайдасы тиіп жатқан мұндай азаматтар «100 жаңа есімнің» қатарынан көрінуге әбден лайықты деп білеміз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз