Өзбекстанда билік ауысса, не болады?

2 680 просмотров

Ауруханаға түскен Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің жағдайы өте ауыр деген сыбыстар шығып жатыр. Ал саясаттанушылар оның орнын кім басатынын да болжап үлгерді.  Сарапшыларды бұл арада бір пікір тоғыстырады.  Ол — Кәрімовтің қазасы да Өзбекстанның авторитарлық режиміне өзгеріс әкеле алмайтыны.

78 жастағы Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов ауруханаға түсті. Мұндай хабар өзбек президентінің ел басқаруы жылдарында алғаш рет ресми түрде расталып отыр.

«Мамандардың пікірінше, толық медициналық тексеру және одан кейінгі емдеу белгілі бір уақытты қажет етеді»,

— делінген өзбек министрлері кабинетінің хабарламасында.

Брежневтің жағдайындай ма? Халық көсемінен айырылып қалғанын бірнеше күннен кейін білген еді…

 Даниил Каримов
Даниил Каримов

«Фергана.ру» порталының бас редакторы Даниил Каримов «Московский комсомолец» басылымына Өзбекстан президентінің жағдайы, шынымен де мүшкіл болуы мүмкін екенін айтқан.

— Кәрімов билік еткен 25 жыл ішінде ресми билік ешқашан оның науқастануы туралы хабарлаған емес. 20 күн жоғалып кеткен кездері болған, онда ол комаға түсіп қалыпты, деген секілді алып-қашпа әңгімелер болды…

Бірақ ресми мәлімдеме жасалмады. Ал қазір мұны ресми айтып жатыр. Демек, жағдай шынымен де қиын.

Мүмкін, Брежневтің жағдайындай болар. Ол кезде қызылдар көсемінің қазасы туралы халық бірнеше күннен кейін естіген еді ғой.

Бірақ Кәрімов кеткенімен, Өзбекстандағы жағдай өзгере қоймайды. Ондағы авторитарлық жүйенің жойылуы, екіталай. Мұрагерге қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Ол баяғыдан белгілі.

Меніңше, Кәрімовтің орнына қазіргі Өзбекстанның премьер-министрі Шавкат Мирзияев келеді. Ол президенттің отбасына жақын және саяси элитадағы ықпалы зор.

Егер билік конституцияға сай өзгеретін болса, онда Өзекстан сенатының төрағасы болуы керек. Бірақ оның ешкіммен қатты байланысы жоқ, ол сенімсіз саяси фигура, — дейді ол.

Түркіменстандағы сценарий болады

Айдос Сарым
Айдос Сарым

Саясаттанушы Айдос Сарым да Өзбекстанда билік ауысса да, одан өзбек еліндегі саяси ахуал өзгере қоймайды деп санайды.

—  Ел президентін сайлауға халықтың қатысы болмайды. Биліктегі 3-4 саяси элита сыртқы күштердің мақұлдауымен мұрагерді президент етеді. Түркіменстандағы сценарий болады.

Батыс пен Ресейдің қазіргі ара-қатынасының сууына байланысты ойын болуы ықтимал. Сондықтан бұл арада билікке кім келеді?

Ресейшіл адам ба, әлде батысшыл ма? Осы мәселе төңірегінде шешім шығады деп есептеймін.

Бірақ ол елдің саяси ахуалына тікелей әсер етіп,

оның арты қандай да бір төңкеріске ұласады деуге еш болмайды.

 

Өзбекістан Қазақстан сияқты емес. Ол — жабық мемлекет

 Дос Көшім
Дос Көшім

Ал саясаттанушы Дос Көшім, керісінше, Өзбекстанда сыртқы күштердің ойын ойнауы екіталай деп есептейді.

— Ташкент ешқашан сыртқы саясатында Ресейді немесе Батысты толықтай қолдайтынын білдірген емес. Аңысын аңдып, олар өз мүддесі үшін өте сақ қимылдайды.

Өзбекстан, Қазақстан секілді емес. Ол жабық мемлекет.

Елде басқа бағыт ұстанатын саяси топ немесе саясаткер жоқтың қасы. Сондықтан мұрагер әлдеқашан белгілі болған деп ойлаймын. Тек билік басындағы адам ауысады, бірақ қалғаны бәз-баяғы қалпы сақталады. Ал егер онда қандай да бір дүрбелең жасап, ойын ойнағысы келетіндер болса, Ауғанстан жақтан қауіп бар.

Бірақ дәл қазір ол жағын Өзбекстан әбден қымтап, реттеп қойған. Ондағы саяси элита да лаңкестікке өте қатал қарап, оның жолын түбірімен кесіп отырады. Сондықтан Ауғанстанның солтүстігінен қысқа мерзімде бірден ши шығару мүмкін емес. Бұл осал тұс кейіннен Өзбекстанға қарсы пайдаланылмаса, тура билік алмасу процесінде оны жасау мүмкін емес, — дейді Дос Көшім.

Загрузка...