Өзбекстан астанасының әуежайына көшбасшы Ислам Кәрімовтың денесі әкетіліп барады. Қолына гүл алған Ташкент тұрғындары қаланың орталық көшелерінің бойына тіз қатар тізілді.
Бұл туралы ресейлік РБК агенттігі хабарлады.
Бүгін таңертең Ташкенттің басты көшелерінде көлік қозғалысы тоқтатылды. Сондай-ақ, қалада пойыздардың жүру кестесі де өзгертілген.
Әлеуметтік желіде Мурад Назаров атты пайдаланушы осы жерден ұялы телефонына түсірілген видео жариялады. Онда мемлекет басшысының денесін Самарқанд қаласына алып ұшатын ұшаққа алып бара жатқан көліктер кортежін күтіп алған мыңдаған өзбекстандықтарды көруге болады.
Сондай-ақ бүгін Ислам Кәрімовтің сырқаты мен қазасын тіркеген медициналық құжат Өзбекстан үкіметінің порталында жария етілді.