Әзірбайжанда Түркиядағы мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырудың басты күдіктісі атанған Фетуллах Гүленнен сұхбат алған әрі Түркияда болып жатқан оқиғаны „түрік билігінің ұйымдастырған шоуы„ деп, бағалаған телеарна жазаланды.
Әзірбайжанның телерадио таралым жөніндегі Ұлттық кеңесі ANS телеарнасының жұмысын тоқтатуға қатысты түсініктеме берді. Жергілікті ресми БАҚ-тарда тараған бұл мәлімдемені қаз-қалпында ұсынып отырмыз.
„Әзірбайжан билігі Түркиядағы соңғы оқиғаны түрік мемлекеті мен түрік халқының еркіндігі мен таңдауына қарсы жасалған қылмыс деп бағалайды. Алайда біздің бір телеарна Әзірбайжан мен Түркия арасындағы бауырластық және стратегиялық ынтымақтастық қарым-қатынасқа сызат түсіріп, түрік мемлекеті мен үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді. Олар Түркиядағы мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушы Феттуллах Гүленді қолдайтынын білдірді.
ANS өз репортаждарында Түркиядағы болып жатқан оқиғаларды „түрік билігі ұйымдастырған шоу„ деп көрсеткен.
Осылайша, олар түрік билігі қабылдап жатқан шаралардың мағынасын бұрмалаған. Телеарнаның АҚШ-тағы тілшісі мемлекеттік төңкерісті ұйымдастыруға тырысқан басты күдікті Фетуллах Гүленнен сұхбат алды.
Түрік билігі мен Әзірбайжандағы Түркия елшілігі бұл жайтқа қатысты өз қобалжуларын білдіріп, биліктен қандай да бір шаралар қолдануды сұрады.
Әзірбайжан Республикасы Ата Заңының 11-бабына сәйкес, Әзірбайжан бас прокурорына және телерадио таралымы жөніндегі Ұлттық кеңеске келіп түскен шағымды ескере отырып, Түркия мен Әзірбайжан арасындағы стратегиялық қарым-қатынасты үзуге бағытталған арандатушылықты жою мақсатында ANS телеарнасының хабар таратуын тоқтату туралы шешім шығарылды„ – делінеді ресми мәлімдемеде.