Шымкенттік белсенділердің митинг өткізуіне тағы рұқсат бермеді

77 просмотров

Шымкент қаласы әкімдігі белсенділердің митинг өткізуіне тағы рұқсат етпеді деп хабарлайды белсенді Ибрахим Әлсерке Азаттыққа.

Ибрахим Әлсеркенің сөзіне қарағанда, 15 қыркүйек күні шымкенттік белсенділер демократияны қолдау үшін митинг өткізуге рұқсат сұрап қала әкімдігіне өтініш берген. 3 қазан күні кешке қала әкімі Ғабидолла Әбдірахимовтың қаулысы мен оның орынбасары Қайрат Нұртайдан жауап алған.

— Қала әкімдігі бұл жолы да митинг өткізуімізге келісім бермеді. Меніңше, жергілікті билік белсенділер митинг барысында жер дауын көтереді деп алаңдайды. Рұқсат бермей, сылтау табатынының бір себебі осында болуы керек, — дейді ол.

Қала әкімінің қаулысына сілтеме жасаған әкім орынбасарының жауабында «8 қазан күні Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалында салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорттық флешмоб өтуіне байланысты» митинг өткізуге рұқсат бере алмайтыны айтылады. «Сондықтан митинг өткізу туралы өтінім қанағаттандырылмасын» делінген жауап хатта.

Ибрахим Әлсеркенің пікірінше, қала әкімдігінің флешмоб өтуіне байланысты рұқсат бермеуі — «сыныққа сылтау ғана».

— Қала аумағында митинг өткізуге 6 жерге рұқсат берілген. Егер әкімдік митинг өткізуге қарсылық танытпаса қалған 5 орынның бірін ұсынатын еді. Жергілікті билік өтінішімізді қабыл алмаса да, біз рұқсат сұрауды тоқтатпаймыз. Келесі жолы тарифтердің көтерілуіне байланысты митинг өткізуге рұқсат алуға өтініш тастаймыз, — дейді ол.

Шымкенттік белсенділер бұдан бұрын жер дауына, Конституциясы күніне орай митинг өткізуге рұқсат сұрағанымен, қала әкімдігі әртүрлі себептермен келісім беруден бас тартқан.

28b0e2d5-859f-4278-974d-b472eb44a161_w987_r1_s

Загрузка...