Оңтүстіктің тәртіп сақшылары із-түссіз жоғалған 15 жасар Аида Абдусаматованы іздейді.
Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент қаласындағы әл Фараби полиция бөліміне Сарыағаш ауданының 22 жастағы тұрғыны арызданып келген. Ол өзінің 2001 жылы туған сіңлісіне іздеу салуға көмек сұрайды. Әпкесінің айтуы бойынша, 13-қыркүйекте 15 жасар сіңлісі Абдусаматова Аида Даниярқызы екеуі Шымкент қаласындағы «Алаш» базарына келген. Содан сағат 17:30 шамасында сіңлісі Аида белгісіз бағытқа кетіп, қайтып оралмаған.
Із-түссіз жоғалған жасөспірімнің белгілері: бойы 155-160 см, орташа денелі, шашы қара, көзі қара түсті.
Үстінде қоңыр-сары түсті кеудеше, қара түсті спорттық шалбар, жазғы аяқ киім киген.
Ерекше белгілері — ішінің оң жақ төменгі тұсында отадан қалған (аппендицит) тыртығы бар.