Шымкентте бір көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып кетті

64 просмотров

Шымкентте «Мерседес» көлігін тізгіндеген 20 жастағы жігіт аялдамада тұрған адамдарды қағып кетті. Салдарынан екі адам қайтыс болып, үшеуі ауруханаға жеткізілді.Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін, 28-шілдеде шамамен таңғы 7:00 уақытында қалалық полиция бөлімшесіне Тоғыс көшесінде жол-көлік оқиғасы орын алғандығы туралы хабар келіп түскен.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 1996 жылғы Төле би ауданының тұрғыны «Мерседес» көлігімен Леңгірге бет алып бара жатқан жолда көлік рөліне ие бола алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарды қағып кеткенін анықтады.

Салдарынан ауыр жарақат алған екі адам төтенше оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Екеуі де Шымкенттің тұрғыны: бірі 50 жастағы әйел, ал тағы бірі 39 жастағы ер адам. Тағы түрлі деңгейде жарақат алған үш адам Шымкент қаласының ауруханасына жеткізілген. Оларды қараған дәрігер екеуін үйіне босатқан.

Бұл оқиға тергеуге дейінгі бірыңғай реестрге тіркеліп, „Жол қозғалысы ережесін бұзу және байқаусызда көлік жүргізушінің екі немесе одан да көп тұлғаны өлтіріп алу„ туралы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4- тармағына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды.

«Мерседес» көлігінің жүргізушісі кінәсін толықтай мойындады. Ол Шымкент қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Тергеу сараптамасы белгіленді.  Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Загрузка...