Орыстардың Қазақстаннан неге көшкісі жоқ?

369 просмотров

Орыстардың 60 пайызы Қазақстаннан көшкісі келмейді екен. Бұл деректі «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы жариялапты.

Осы мәліметті оқып отырып Шерхан Мұртазаның сөзі еске түсіп кетті.

«Дәл қазір біздің тіл, дін деп зар қағып, тілді де, дінді де қалпына келтіре алмай, ұзақ сарсаңға түсуіміз – кеңестік дәуірдің ұлы жемісі», — деген еді ағамыз.

Тілде осындай мәселе бар. Осы арадан-ақ тоқтауға болар еді.

60 пайыз орыс Қазақстаннан кеткісі келмейді екен. Туған отаны бола тұра. Әрине, көшкісі келмейді. Әрине, кеткісі келмейді. Оларға Арқа жайлы болып тұр өйткені.

Олар үшін түк өзгерген жоқ. Қазақстан әлі сол орыстілді ел. Тәуелсіздік алса да дербестік жоқ…

Жарайды, тұрсын. Көшпесін. Қалсын. Әй, бірақ құрмет деген бар ғой.

Өзің тұрып жатқан жердің тілін білу және сол тілде сөйлеу — сол мемлекетке деген сый-құрметіңнің белгісі емес пе?

Бірақ, олай болмай тұр. Көшкісі келмейтін 60 пайыз орыстың алпыс пайызы да мемлекеттік тілді білмесе, таңғалмаймыз. Талап ете алмасымыз тағы белгілі.

Тілі бөлектің түсінігі де бөлек. Олар (кімді айтып отырғанымыз белгілі шығар) Қазақстан туралы не ойлайды? Біздер ше? Біз мемлекетіміздің болашағын қалай елестетеміз? Олар ше?

Құдай біледі, екітүрлі. Тоқайласпайды. Пайым түсінігі бізбен үйлеспейді. Кейбірінің пиғылынан қорқасың. Онысын жария қылып жүргендері де бар.

Орыстілділер мен орыстанғандардың арасындағы соңғылары қауіпті. Өйткені,

олар  қазақтанудан өлердей қорқады. Олардың ұлтқа, тілге қатысты дүниелерге қарсы шығатыны да сол қорқыныштан туындайды.

Құдай біледі, Қазақстаннан көшкісі келмейтіндерге Қазақстанның осындай болып қалмағы керек. Орыстанған, орыстілді, орысшыл (бұл арада билікті айтамыз)…

Бәрінен бұрын оралман бауырларға обал.

Ал әлгі 60 пайызға қатысты. Қалғыларыңыз келе ме, қалыңыздар. Көшкілеріңіз келмей ме, көшпеңіздер. Бұл да Қазақстанға деген сыйластық пен ықыластың белгісі шығар, бір жағынан.

Бірақ, бізді де түсініңіздер. Тәуелсіздік алған 25 жылда сіздер қазақша нан сатып алып жейтін деңгейге жетулеріңіз керек еді. Жетпеңіздер. Бәлкім, ойлану керек шығар.

Тұра беру, тіршілік ету өз алдына. Ертең өзгеріс болса ше? Сіздер соған дайынсыздар ма?

Қазақша сөйлеуге, қазақ атануға, келісесіздер ме?…

 

russian

Загрузка...