М.Әбенов: Жастар арасында жер мәселесінде біржақты ғана түсінік қалыптасқан

29 просмотров

Жастар арасында жер мәселесінде біржақты ғана түсінік қалыптасқан. Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысында қоғам қайраткері, Комиссия мүшесі Мұрат Әбенов осылай деді.

«Жастардың арасында жер мәселесіне қатысты тек бір жағы ғана айтылады. Яғни, эмоциалық жағы ғана байқалады. Ал жер реформасы не үшін жасалып жатыр, нарықтық айналымға енгізу не үшін қажет деген мәселелерді көбісі білмейді. Сондықтан бүгінгі күні Жер реформасы не үшін жасалғанын кеңірек түсіндіруіміз керек сияқты», — деді қоғам қайраткері.

Оның атап өтуінше жастардың, әсіресе қазақ жастарының арасында ақпарат дұрыс жетпейді. Мәселен, оңтүстік өңірдегі жастардың қаржылық сауаты жоқ. Олар қалай несие алу керек, компания қалай ашу керек деген мәселелерді білмейді.

«Соңғы жылдары қаланың азаматтары ауылға көп баратын болды. Қалада оқыған қазақтың жас жігіттері ауылдан бизнес ашуда. Себебі, тиімді жағын байқады. Ал ауылдың жастары керісінше, қалаға қашып жатыр. Менің ойымша, осы жағдайды дұрыстау үшін жастарға көбірек ақпарат беруіміз керек», — деді М.Әбенов.

Загрузка...