Ұлыбританияның Еуро одақтан шығуы Қазақстанға аз да болса оң әсер етеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астана халқы алдына берген есебі кезінде мәлім етті.
Еуропадағы референдум Қазақстанға жанама түрде ғана әсер етеді. Егер Қазақстан экономикасы әлемдік экономикамен біте-қайнасып жатқанын ескерсек, оның оң, сонымен қатар теріс әсері болуы да ықтимал. Алайда, Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазіргі белгілеріне қарасақ, ол аз болса оң әсер еткен.
– Бұл жағдай барлық нарыққа әсер етеді. Бүгін референдумға байланысты мұнай бағасының құлағанын, алтын бағасының көтерілгенін, фунт-стерлингтің құнсызданғанын, доллардың күшейгенін көрдіңіздер. Қазынашылық қағаздары да қымбаттады. Біздің Ұлттық қорымыз қазынашылық қағаздарына инвестиция құятынын айта кеткім келеді. Ал олардың қымбаттауы Ұлттық қордың кірісіне оң әсер етуі тиіс, – дейді министр.
Ұлыбританияда референдум жарияланғаннан бастап ҚР Ұлттық банкі оның әлемдік қаржы және тауар нарықтарына әсерін жіті қадағалап отырды. ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматовтің пікірінше, Қазақстанның валюта және ақша нарықтарындағы қазіргі ахуал салыстырмалы түрде тұрақты.
23-маусымда Ұлыбританияның Еуро одақтан шығуын жақтап ағылшын халқының 52 пайызы дауыс берген. Бұдан кейін Ұлыбритания үкімет басшысы Дэвид Кэмерон отставкаға кететінін мәлім етті.
Осы оқиғаға байланысты фунт стерлинг құны 6 пайызға, мұнай 3 пайызға арзандады.