Халықаралық олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах ресейлік спортшыларға қатысты жанжалдан кейін, допингке қарсы жүйені қайта құру қажет, деп мәлімдеді.
Сейсенбі күні Рио-де-Жанейрода ХОК сессиясында сөйлеген Бах ресейлік атлеттердің тыйым салынған препараттарды жаппай қолдануы – Допингке қарсы дүниежүзілік агенттік – WADA жұмысының әлсіз тұстарын ашып бергенін мәлімдеді.
Халықаралық олимпиада комитетінің Ресей құрамасын Бразилиядағы Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат беріп, түпкілікті шешімді жекелеген спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияларға жүктегені әлем елдерінде сынға ұшырады.
WADA-ның канадалық заңгер Ричард Макларен басқарған тәуелсіз комиссиясы шығарған қорытындысына сүйенген агенттік ресейлік атлеттерді Олимпиададан шеттетуін сұраған еді.
Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындары 5 тамызда басталады.