2016 жылы Ұлттық қордан тікелей бюджеттік қаржыландыруға бөлінген мақсатты трансферттер 807,5 млрд теңгені құраған. 1 шілдедегі есеп бойынша бұл сомадан 297 млрд теңге игерілген немесе жылдық жоспарды 37 пайызға орындалған.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.
Жиын барысында Бақытжан Сағынтаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық қор қаражатын жергілікті және орталық деңгейде игеру қарқынын сынға алғанын атап өтті.
Жекелеген бағдарламалар бойынша қаражат игерілмей қалмас үшін Бақытжан Сағынтаев республикалық бюджеттік бағдарламалар жетекшілеріне, әкімдіктерге қаражатты үшінші тоқсаннан төртінші тоқсанға барынша ауыстыруды, сондай-ақ байқау рәсімдерін қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. Қаражатты толықтай әрі тиімді игеру үшін көш соңындағы аймақтар қаражаты белсенді жүзеге асырылып жатқан жобаларға қайта бөлінеді.
Бұдан бөлек орталық мемлекеттік органдарға, әкімдіктер мен ұлттық холдингтерге Ұлттық қор қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету тапсырылды.