Генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екені қалай дәлелденді?

267 просмотров

Бейбіт кезде де ерлік жасауға орын бар. Осындай бір ерліктің тарихын баян етпекпіз. Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін қазір жұрттың бәрі біледі. Оны мақтаныш тұтады. Бірақ бұрын, көп жылдар бойы ресми құжаттарда батырдың ұлты өзбек деп жазылып келді.

Иә, сонымен генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін халыққа кім және қашан жеткізді? Батырдың ұлты қазақ екенін 1972 жылы шымкенттік ғалым Әсілхан Оспанұлы жариялады. Ол генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін 1972 жылы мамыр «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерекесіне арналған санында «Қазығұрт қыраны» атты мақаласында жариялады. Ғалымның осы мақаласы бір айдан соң республикалық «Лениншіл Жас» газетінің 6-маусымдағы санында жарық көрді.

Бұл қалай болған еді?

1971 жылы ғалым балалық шағында бірге өскен досы Адамбек Нысанбаевтың үйінде қонақта болады. Әсілхан Оспанұлы болған жайды «Қазығұрт қыраны» мақаласында былай деп баяндайды:

«Балалық шағымыздан бiрге өскен, обылысымыздың Ленин аудандық халық қазысы болып жүрген Адамбек Нысамбеков жайшылықтағы жайдарлығына басып күлiмдей отырып, ортамызға бiр сұрақ тастады:

– Сендер генерал Сабыр Рақымовтың осы бiздiң ауылымыздың Қазығұрт бауырындағы Жаңабазар жерiндегi «Коммунизм» совхозы орналасқан ортадан екенiн бiлесiңдер ме?

– ?!

– Сенбесеңдер мына кiсiден, сол совхоз парткомының хатшысы Арапбай Тұрлыбековтен-ақ сұраңдар.

Арекең бiздiң сұрағымызға өз бiлгенiнше тыңғылықты жауап қайтарды. Одан естiп, бiлгенiмiз, – аталған совхоздың тау жақ түкпiрiнде орналасқан Жамбыл атындағы бөлiмшесі бір кезде сондағы ұлы жүз Суан тайпасының ру атымен Бағыс атанғаны, генералдың шөбере туыстары сонда тұратыны».
Осы әңгімеден соң Әсілхан Оспанұлы генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеу жолында батырдың туған-туысқандарымен кездесіпті. Бұл кездесу жайында ғалым былай жазады:

«…1971 шi жылы жазда аталған ауылға бардық. Түскен үйiмiз генералдың шөбере ағасы Байдар ақсақалдың үйi болып шықты. Еңкiш тартқаны болмаса, келбетi келген, келiстi қария екен. Тоқсан екiдемiн дегенiмен, дилы қалпы сүйсiндiрдi. Бұйымтайымызды естiген соң, бұрынғыдан да жадырап кеттi.

– Жөн, жөн, шырақтарым, – деп алды да, бар бiлгенiн баяндауға кiрiстi.

«Сабырдың әкесi өзбектер айтып жүргендей Омар емес, Омарқұл. Ол кiсi менiң әкем Құлымбетпен немере. Омарқұлдың әкесi менiң бабам Қалшора бiр әке, бiр шешеден туған. Омарқұл ағамыз бертiнде, 1918-1919 жылдардың аралығында дүние салды».

«Сабыр – қазақ перзентi болса, өзбекке жиен. Өйткенi оның шешесi, бiздiң жеңгемiз Бәһәрайым Ташкент маңындағы Жүнiсабад деген жерде тұратын өзбек диханының қызы едi. Төңкерiстен кейiн күйеуi қайтыс болған соң туған ағасы Рахымның көлейтiнде болғанды ұнатты. Сол нағашысы Рақымды саялап жүрген Сабыр да мектепке барған кезде, соның балалары қатарында Рақымов болып жазылып кеткенiн кейiн бiлдiк. Содан жастайынан әскер оқуын оқып, әскерлiк қызметке кеткен Сабыр елге ағайын-туыстарға ат iзiн сирек салып жүрдi. Ақыры Ұлы Отан соғысының қанды майданына аттанды ғой…».

Осы бір жүздесу барысында Байдар ақсақал батырдың екі туыстас қазақ және өзбек халықтарының ортақ перзенті екені туралы да айтып, ағынан жарылып ризашылығын білдіріпті:

«Жiгiттiң үш жұрты болады: бiрi өз жұрты, екiншiсi – нағашы жұрты, үшiншiсi – қайын жұрты». Өзбек ағайындарымыздың Сабыр iнiме жасап жатқан жақсылықтарында шек жоқ қой! Сабыр Рақымов атындағы колхозды былай қойғанда, Ташкент бұрынғы Тақтапұл көшесiн Сабыр Рақымов деп атайтын болыпты дейдi. Тiптi Ташкенттiң өзiнiң үлкен бiр ауданы сол Сабыр Рақымов атымен аталыпты. Денесiн сонау майданнан елге әкелдiрiп, Ташкент қаласының қақ ортасына қойдырып, ескерткiш тұрғызғаны және бар. Адамды ардақтаса, елдiң ерiн еркелетсе, осылай-ақ ардақтап, осылай-ақ еркелетер ел-жұрт. Бiздер Сабырдың туыстары өзбек жұртына, Өзбекстан басшыларына шексiз риза болып, мыңда бiр алғысымызды күнде айтып отырамыз. Мың жасасын мың жасағырлар…».

Әсілхан Оспанұлы тоқсаннан асқан ақсақалмен қатар Сабыр Рақымовтың басқа да туыстарымен әңгімелескен. Ғалым мақаласында Шерхан Ырысқұлбекұлына да сөз береді:

– Сабыр ағамыз екi рет үйленген, – дедi ол – бастапқы жеңгемiз татар қызы едi, одан бала қалмады, кейiнгi жеңгемiз Құралай болса, ағамыз басқарған дивизия бөлiмiнде медициналық бөлiмiнiң жауынгерi ретiнде майданға қатысқан, соғыста жүрiп жарақаттанған.

сабыр1
Солдан оңға қарай: генерал С.Рақымовтың жұбайы Құралай апай, ғалым Әсілхан Оспанұлы, ғалымның жұбайы Оразкүл Батырбекқызы

Осылай Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 27 жыл толғанда, 1972 жылдың 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысының Батыры Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін ғалым Әсілхан Оспанұлы «Қазығұрт қыраны» мақаласында бүкіл елге жария етті.

Бұл жаңалық бүкіл Қазақстанда елеулі оқиға болып, үлкен қоғамдық пікір туғызды. Бұл құбылысқа билік басындағылар да немқұрайлы қарай алмады. Ғалымның тарихи шындықты дәлелдеп жазғанын «халықтар достығына сызат түсірді» деп түсініп, Шымкенттегі Облыстық партия комитетіне келіп түсініктеме беруін талап етеді. Іс мұнымен шектелмейді, әуре-сарсаңның небір түрі басталады. Әрі бұл келеңсіздік көп жылдарға созылды.

Бірақ ғалым Әсілхан Оспанұлы шындықтан бас тартқан жоқ. Ғалым Әсілхан Оспанұлы толассыз тосқауылдарға төтеп бере жүріп батырдың өмір жолын зерттеуін тоқтатқан жоқ. Ол батырдың нағашы ағалары Төлеген мен Азизмат Кәрімовтармен, батырдың соғыстың алғы шебінде бірге болған жұбайы Құралай апаймен, батырдың азамат соғысы жылдардағы қарулас досы, атақты кинорежиссер Кәміл Ярматов, генералдың Ұлы Отан соғысында бірге болған басқа да азаматтармен кездесіп батыр туралы көптеген баға жетпес деректер жинады.

Ғалым 1975 жылы С.Рақымовпен соғыста бірге қызметтес болған Ұлы Отан соғысының батыры Тоғанбай Қауымбаевпен кездесіп батырдың майдан шебінде қалай соғысқаны, қаза табар сәті туралы да мақала жариялады.

Әсілхан Оспанұлы 2005 жылы көзі жұмылғанға дейін өз ізденістерін еш тоқтатқан жоқ. Әсілхан Оспанұлының Білім Министрлігіне жасаған ұсынысы арқасында Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың есімі Шымкенттегі әскери мектеп-интернатқа беріліп, ескерткіш орнатылды.

Ұлы Отан соғысының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың өз отаны Қазақстанға оралуының қысқаша тарихы осындай.

Бердалы Оспан

Загрузка...