Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады.
Қазақстан Президентінің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында Бауыржан Байбек Елбасына қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шараларға сапалы дайындалып, меркені тиісті деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті.
– Алматы – еліміздегі ең ірі қала. Республика бойынша атқарылатын барлық жұмыс оның дамуына әсер етеді әрі тұрғындарына көрініп тұрады. Биыл қаланың 1000 жылдығы мерекеленеді, келесі жылы – Қысқы Универсиада-2017 өткізіледі. Бұлар – ірі мемлекеттік іс-шаралар. Оларды іске асыру үшін орасан жұмыс атқару қажет. Сондай-ақ қаланың күзгі-қысқы кезеңіне дайындықты бүгіннен бастау керек. Өткен кездесуде мен бірқатар тапсырма берген болатынмын, олардың мүлтіксіз орындалуын бақылау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады.
– Қазіргі кезде қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыздар көлемі 45 пайызға өсті. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 15 мың жаңа жұмыс орнын ашуға қаражат бөлінді. Бұдан бөлек, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту жөнінде бизнеспен тығыз жұмыс жүргізілуде. Бүгінде жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Соның аясында бірнеше әлеуметтік нысандар ашу жоспарланып отыр, – деді Алматы қаласының әкімі.