Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левитке Олимпиада чемпионының сыйақысы беріледі

2 702 просмотров

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левитті Олимпиада чемпионы деп танитынын, сондықтан олардың ынталандыру сыйлығын алтын медаль иегерлеріне сай теңестіргенін айтты.

Олимпиада чемпиондарын марапаттау рәсімі «Қазақстан» орталық концерт залында өтті, — деп хабарлады ҚазАқпарат.

Елбасы Риода өнер көрсеткен спортшыларды табысымен құттықтап, олардың жеңісі Қазақстанның егемендігіне 25 жыл толу мерекесіне үлкен сый болғанын айтты.

— … Боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левитті біз барлығымыз Олимпиада ойындарының алтын медалі иегері ретінде санауымыз керек. Сондықтан мен олардың ынталандыру сыйларын алтын медаль иегерлерімен теңестірдім.

Сіздер менің және Қазақстанның барлық жанкүйерлерінің үмітін ақтадыңыздар, біздің еліміздің абыройын биік еттіңіздер. Біздің құрама 17 медаль ұтып алды. Бұл көрсеткіш бұрынғы Олимпиадалық ойындардағы Қазақстан құрамасының алып жүрген медальдарынан көп, — деді Мемлекет басшысы.

Елбасы Рио төрінде өнер көрсеткен спортшылардың түр-түсіне қарамастан, барша қазақстандықтардың олар үшін жанын беріп, жанкүйер болғанын ерекше атап өтті.

— Барлығымыздың қуанышымыз шексіз, себебі олимпиядалық тұғырда Қазақстанның әнұраны үш рет орындалып, көк байрағымыз желбіреді. Осы орайда, боксшы Данияр Елеусіновтың, тұңғыш рет жүзуден бірінші орын иеленген жүзуші Дмитрий Баландинның алтыны, соның арқасында, көптеген адам жүзуге қызығушылық танытады деп ойлаймын, ауыратлет Нижат Рахимовтың еңбегін ерекше атап өту керек, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент Рио Олимпиадасының чемпиондарын II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Елбасы қолынан осынау жоғары награданы Олимпиада чемпиондары Данияр Елеусінов, Дмитрий Баландин мен Ниджат Раxимов алды. Сонымен қатар, осы орденді Олимпиаданың күміс жүлдесін алған Василий Левит те тақты. Президент оның медалін алтынмен пара-пар деген бағасын берді.

Еске сала кетелік, Василий Левит Олимпиада төрінде соңғы жекпе-жегін ресейлік боксшы Евгений Тищенкомен өткізді. Біздің жерлесіміз қанша жерден басым болып тұрса да әділ қазылар жеңісті оның қарсыласына шешіп берді. Бұл халықаралық деңгейде үлкен дау туғызған еді.

Әділбек Ниязымбетовтың да жекпе-жегі әділетсіз бағаланды. Бұл жайт спортышының жігерін құм қылып, шаршы алаңнан шыққаннан кейінгі журналистерге сұхбат беріп жатқан кезінде көзіне намыстың жасын еріксіз үйірген еді.

«Қазақстан» орталық концерт залында өтіп жатқан шарада Елбасы Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Гюзель Манюрованың, ауыр атлет Жәзира Жаппарқұл, дзюдошы Елдос Сметов, сонымен қатар бокстан қола жүлде алған Иван Дычконың омырауына «Парасат» орденін тақты.

Олимпиаданың қола жүлдегерлері дзюдошы Галбадрах Отгонцецег, ауыр атлеттер Карина Горичева, Александр Зайчиков пен Фархад Харки, балуандар Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықова, боксшы қыз Дариға Шәкімова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Рио Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың арасында алтын алған спортшылар: ауыр атлет Нижат Рахимов, жүзуші Дмитрий Баландин және боксшы Данияр Елеусінов. Күміс медальдар: боксшылар: Василий Левит пен Әділбек Ниязымбетов, ауыр атлет Жәзира Жаппарқұл, дзюдошы Елдос Сметов және балуан Гүзел Манюрова. Қола медаль иеленген спортшылар: ауыратлеттер Фархад Харки, Карина Горичеева және Александр Зайчиков, боксшылар Иван Дычко және Дариға Шәкімова, балуандар Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова, дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг және жеңілатлет Ольга Рыпакова.

Жалпы Рио Олимпиадасына Қазақстанның атынан 26 спорттың түрінен 104 спортшы қатысты. Өткен Ойындар Еліміз үшін күміс медальдар бойынша және жалпы медальдар саны бойынша өзіндік рекорд орнатты.

Загрузка...