Базардағы бағалар тағы да өсіп жатыр. Үкімет неге шарасыз?

259 просмотров

Баға көтерілсе, бізде министрі бар, әкімі бар, төбесін көрсетіп, базар мен дүкенді бір аралап шығады. Ондағысы „бағаны көтермеңдер„ деп доқ көрсеткен түрі. Бірақ ол «бастықтардың» сөзін тыңдап жатқан саудагер жоқ. Базардағылар министріңе де, әкіміңе де пысқырмайды.

41994.jpg.700

Қорқатындай, енді олар кішкентай бала емес қой. Араға біраз уақыт салып, қайтадан бұрынғы қымбат бағаны қойып қояды.

Саудагерлер де қуланып алған. Алдындағы тауардың екі бағасын қағазға түсіріп қояды.

Бірі шенеуніктер үшін, бірі — тұтынушы үшін. Сырттан қарасаңыз, кім кімді алдап жүргенін ұқпайсыз.

Бастысы екеуіне де: бағаны құрықтай алмай, саудагерлерден алданып жүрген шарасыз Үкіметке, күннің ыстығы мен суығына төзіп, өз күнін өзі көріп жүрген саудагерге де жаныңыз ашиды екен.

Қазақстан — алыпсатарлар елі!

Шындығында, бұл арада мәселе саудагерде де, тауар өндірушіде де емес. Өйткені тауар өндіруші ерең еңбегімен өндірген тауары үшін тиын-тебен ғана алады. Бірақ тура сол бағада тауар саудагердің қолына да тие бермейді. Арада делдал деген бар. Бір емес, бірнешеуі. Міне, базардағы бағаны көтеріп, инфляцияны туғызатындардың нақ өзі — осылар.

Бірақ, неге екені белгісіз, осы делдалдармен күресті күшейтудің орнына Үкімет мүшелері базарды бір аралап, өз құнын түсіріп қайтуды оңай көреді де тұрады. Әлде делдалдарға шынымен де шамасы жетпеген соң Үкімет әлі келетіндерге қоқандай бере ме?

Бір анығы,

Үкімет делдалдарға көп тиіспейді. Себепті басқа жақтан іздейді.

Мысалы, қазір қымбаттап жатқан қант мәселесін шикізаттың, Ресей мен Қырғызстандағы бағалармен байланыстырды. Сөйтіп инфляцияны импорттап жатырмыз дей салды. Шынымен де бұл солай ма?..

Ілияс Исаев
Ілияс Исаев

Қаржыгер-маман Ілияс Исаев бұл арада сыртқы фактордан гөрі ішкісінің басымдық танытатын айтады:

Әрине, тұтыну нарығында әртүрлі тауарлар бар. Егер біз сырттан тамақ пен киім-кешекті импорттасақ, инфляцияны да импорттаймыз. Өйткені көтерме баға тұтыну нарығына тікелей әсер етеді. Алайда бізде импортпен қатар отандық тауарлар да бірге қымбаттап жатыр ғой.

Мысалы, қазіргі қанттың бағасы — шектен шыққандық. Ол арада делдалдар үлкен рөл атқарып отыр.

Ілияс Исаев осы делдалдарды жинаған капиталына өндіріс аштыруға Үкімет итермелеуі керек деп санайды.

— Бірақ олар тауар өндірушілер секілді аз ақшаға тер төгіп, көп тәуекелге бас тігіп, қиналып жұмыс істегісі келмейді. Одан да арада делдал болып қиналмай ақша тапқан жақсы емес пе? Сондықтан мүмкін, осындай оңай жұмыстан айырылғысы келмей, олар да табысымен заңсыз бөлісіп, оның орнын бағаны өсірумен толтырып жатқан шығар. Біз білмейміз ғой. Білетінім,

Үкімет инфляцияны ауыздықтау үшін, бағалардың өсуіне тікелей әсер ететін осы делдал дегеннің көзін құртуы тиіс.

Үкімет алақан жайып қарап отыр деп айтуға тағы болмайды. Бірер жыл болды, Алматы мен Астана сынды ірі қалалар сыртынан логистикалық орталықтар салу туралы бірнеше жобаны қолға алған. Бұл логистикалық орталықтарға тауар өндіруші өндірген тауарын сақтауға әкеліп қояды. Ал әр ұсақ базардың саудагерлері делдалсыз келіп, оны сол арадан арзанға әкетуі тиіс. Міне, сонда делдалдардың көзі құрып, баға да қымбаттамауы керек.

Алайда…

Әзірге, мұның барлығы жоба түрінде. Бірақ одан да ақша жасаудың жолын тапқандар табылуы мүмкін ғой. Олай болса, „Тауықтың түсіне тары кіріпті„ дегендей, біз де арзан бағаны осы аңсаған күйі қала беретін түріміз бар. Ал баға, әдеттегідей, қымбаттағанның үстіне қымбаттай береді. Демек, көгілдір экран алдында шенеуніктердің де базар мен дүкендерге „шеруін„ алдағы күндері тамашалай бермекпіз. Қайтеміз, бәріміздің киеріміз баяғы сол таз кепеш. Оны қойшы, халық алдында „спектакль„ қойып, мүсіркейтін халге жеткен Үкімет өзінің осындай аянышты күйі туралы не ойлайды екен?

P.S. Айтқандай, базардағы бағамен күресуші кейіпке енген Үкімет бүгін сол тауардың бағасын өсіретін фактор — солярканың құнын еркіне жібереміз деп мәлімдеді. Сарапшылар ондайда жанар-жағармай 6-7 теңгеге өседі деп болжап жатыр. Бірақ биліктегілер жанар-жағармайдың қымбаттайтыны туралы сөз бекер деп, оны жоққа шығарып бағуда. Сонда айтамын-ау, біздің Үкімет функциясына сай қызметі емес, халықты алдап, ұстап отырғаны үшін жалақы алатын секілді…

Загрузка...