Батыс Қазақстанда ер адам өзін-өзі өртеп жіберіп, көз жұмды

463 просмотров

Батыс Қазақстанда Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Әйтиев ауылында 1 қыркүйекке қараған түні қайғылы оқиға орын алды.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Ақсуат ауылдық округінің әкімі Любовь Есқалиеваның айтуынша, осы елді-мекендегі 42 жастағы Бибігүл есімді әйелге Ақтау қаласынан вахталық әдіспен жұмыс жасайтын Өтеген деген ер адам келіп тұрады екен (екеуінің 10 жаста қызы бар).

Соңғы рет келгенде әйел телефонмен сөйлесіп жатқан. «Мен келгенде, басқа біреумен сөйлесіп жатырсың» деген ер адам оның телефонын жұлып алып, Подстепный ауылында тұрған жүк көлігіне кетіп қалған. Содан кейін әйел учаскелік полиция инспекторына шағым түсіреді. Подстепныйдағы тірек пунктінде полиция инспекторы екеуін кездестіріп, татуластырады. Бірақ түнде келгенде, әйел ер адамды үйіне кіргізбейді. Соған ерегіскен ер адам үстіне бензин құйып, өртеп жібереді.

Оның Ақтау қаласында әйел, бала-шағасы, немерелері бар көрінеді.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, 1 қыркүйекке қараған түні Әйтиев ауылынан 1965 жылғы ер адам облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Оның денесінің 95 пайызын күйік шалған. Сондықтан қанша көмек көрсетілгеніне қарамастан, ол есін жия алмастан, кеше сағат 17.30-да көз жұмды.

Қазіргі кезде оқиғаның басқа да жай-жапсары анықталу үстінде.

Загрузка...