Елбасының арнайы тапсырмасымен Ақтөбе өңіріне барған ҚР Бас прокуроры жергілікті жұртшылықпен кездесу кезінде санасы уланып, адасып, теріс идеологияның құрбаны болып жүрген жастарға қатысты қатты уайымдайтынын жеткізді.
Бұл туралы ҚР Бас прокурордың баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазір бұрын болмаған жаңа қауіп пайда болды – экстремизм мен терроризм. Ол бүкіл әлемді жаулап отыр. Планетамыздың қай жерін алсаң да жарылыстар – Түркия, Франция, Бельгия, Ресей, АҚШ, Сирия, Ирак. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Қылмыскерлер ислам дінін жамылып, қарапайым халықтың қанын төгіп жатыр. 2014 жылы террористер 32 мың адамды өлтіріпті.
Бұл қауіп бізге де келді. Осындағы жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Қаншама қан төгілді? Қаншама жазықсыз адам қаза болды? Қаншама отбасы туыстарынан айырылып, қара жамылды?
Бұрын сырттан келген террористерден қорқушы едік, қазір олар арамыздан шығып жатыр. Бұл елдің берекесін алып, мазасын қашырады. Не жұмысын, не бизнесін жасай алмай, қауіп қашан басылады деп жұрт үйінде тығылып отырады. Террористерге де керегі сол – халықты қорқыту, үркіту, үрей туғызу.
Мұндай теріс идеологиямен күресу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бәріміздің міндетіміз. Сондықтан балалардың келешегі, елдің болашағы үшін теріс жолға түспе, жаман әдеттен аулақ бол деп, ел болудың қамын жасайық, ағайын.
Адасқан бауырларымызды қайта өзімізге тартып, дұрыс бағыт берейік. Қателеспейтін адам болмайды. Жас адам максимализмге ұрыншақ. Біздің міндетіміз – олардың бетін қайтару, дұрыс жолға түсіру, пиғылын өзгерту. Бұдан артық басқа жол жоқ», – деп қорытты өз сөзін Жақып Асанов.