Елімізде алименттер бойынша жағдайды өзгерте алатын 30 шара әзірленді.
Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлімдеді.
Алименттерді өндіріп алу жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында ҚР Бас Прокурор Жақып Асанов 3 жылдың ішінде алимент бойынша 13 мыңнан астам борышкерге елден шығуға, көлік жүргізуге тыйым салынғанын атап өтті.
Осыған орай, Бас прокуратурада сараптама тобы құрылды, ол алимент төлемеудің себептерін анықтады және «Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын әзірледі. Бас Прокурор жұртшылықты жобаның іске асырылуына қолдау көрсетуге және белсенділік танытуға шақырды.
Әлеуметтік зерттеулер деректері бойынша, алимент төлегісі келмеу себептерінің бірі борышкерлердің өз балаларымен араласу мүмкіндігінің болмауы болып табылады. Сонымен қатар әкелер мен балалардың қарым-қатынасы қаншалықты тығыз болса, алимент төлемеу жағдайларының соншалықты сирек болатыны дәлелденген.
– Ортақ қамқорлықтың мәні – ажырасқаннан кейін баланың ата-анасымен қарым-қатынасын сақтау. Бала қайда оқиды, қайда оқуға түседі, оқуына ақшаны кім және қалай төлейді – осының барлығы жұбайлар арасында талқыланады және келісіледі. Әрине, шектеулер де бар. Ажырасу маскүнемдік, нашақорлық немесе отбасындағы зорлық-зомбылық себебінен болған кезде ортақ қамқорлық мүмкін емес, – дейді Жақып Асанов.
Сондай-ақ, неке бұзу процесіне медиатор-психологтарды тарту ұсынылды.
Елімізде 5 милионнан астам бала бар. Бұл халықтың үштен бір бөлігі. Балалар үйінде 32 мың жетім бала бар, олардың 70%-ның ата-аналары бар. 350 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж. Бүгінгі күні алименттер бойынша қарыз 2 млрд теңгеге жуықтап отыр.