Бүгін Бішкекте ТМД-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының кеңесі өтеді

40 просмотров

Қырғыз Республикасының астанасы — Бішкекке ТМД-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының кеңесі отырысына және қазақстандық-қырғызстандық үкіметаралық кеңес отырысына қатысу үшін бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бір күндік сапармен барды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Манас» халықаралық әуежайында қазақстандық делегация мүшелерін Қырғыз Республикасы бірінші вице-Премьер-министр Мухамметкалый Абулгазиев пен Қырғыз Республикасындағы Қазақстан Республикасының өкілетті және төтенше елшісі Айымдос Бозжігітов қарсы алды.

Сондай-ақ ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарының бағдарламасы аясында Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен және Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Сооронбай Жээнбековпен кездеседі.

Қазақстан мен Қырғыз Республикасы үкіметаралық кеңесіне қатысуға барған ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегациясы құрамында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Жақсылықов, «KEGOK» АҚ басқармасының төрағасы Бақтыжан Қажиев, «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасының төрағасы Алмасадам Сатқалиев және тағы басқалары бар.

Загрузка...