Мәскеуде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады.
Отырысқа қатысушылар күн тәртібінің 52 мәселесін қарады, соларға қатысты Еуразиялық экономикалық ықпалдастықты дамыту бойынша өзара тиімді келісімдерге қол жеткізілді.
ЕАЭО аумағында адам өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз ету мақсатында «Балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Электротехника және радиоэлектроника бұйымдарында қауіпті заттарды қолдануды шектеу туралы» техникалық регламенттер қабылданды.
ЕЭК Кеңесі аясында биомедицина, ғарыш және геоақпараттық технологиялар, фотоника салаларындағы басым технологиялық тұғырнамалар анықталды.
Еуразиялық технологиялық тұғырнамалар ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің 400-ден астам жетекші ғылыми және өнеркәсіптік ұйымдарын біріктіруге мүмкіндік береді. Ұйымдар перспективалы салалардағы 130-дан астам ортақ инновациялық кооперациялық жобаларды қарастыруды ұсынды.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапары аясында РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы ғарыштық және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықтың даму келешегі мен қазіргі жағдайы қарастырылды.