5 маусым күні лаңкестер шабуыл жасаған «Пантера» мен «Паллада» қару-жарақ дүкендерінің иелері оқиғадан кейін 20 АЕК әкімшілік айыппұл төлеп, барлық кемшілікті жойды.
Бұл туралы облыстық прокуратураның ІІ басқармасының басшысы Маратбек Мырзамұратов айтты, деп хабарлайды Bnews.kz.
«Облыстағы барлық қару-жарақ дүкендері облыстық прокуратура, облыстық ІІД, Ішкі істер министрлігінің тексеруінен өтті. «Пантера» дүкенінде қару-жарақты сақтау кемшіліктері анықталды. Дүкен иесіне 40 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Ал «Паллада» дүкенінің иесі қару-жарақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген. Дүкен ішіне кірген адам қаруға оңай қол жеткізген. Шүріппелері бекітілмеген. Сондықтан қылмыстық іс тергеліп жатыр», – дейді Мырзамұратов.
«5 маусым күні болған лаңкестік оқиға әлі тергеліп жатыр. Сондықтан іс туралы қандай да бір ақпарат беруге болмайды. Қазір 67 материал бар. Бірнеше прокурор тергеу жұмыстарына қатысып жүр. Кінәлілер мен оларға көмектескендердің барлығы ұсталды»,- дейді Басқарма басшысы.
Ақтөбеде 5 маусымда екі қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге қарулы шабуыл жасалды. ІІМ деректеріне сәйкес содырлардың көбі ұсталды.