„Заңсыз көші-қон„ атты шұғыл өткізілген профилактикалық шарасының қорытындысы бойынша 1 мың 200-ден астам шетелдіктің Қазақстан көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды.
Бұл туралы Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
„Заңсыз көші-қон„ профилактикалық шарасы 30-қыркүйекте басталып, ол қазанның 4-іне дейін жалғаспақ.
„Біз шетелдік азаматтар жүруі ықтимал орындарға көбірек мән бердік. Жеке құрылыс секторында да шетел азаматтарын күштеп еңбекке жегу фактісінің орын алу ықтималдылығын да ескердік. Мақсат – заңсыз көші-қон арналарын анықтау. Бұл іс қолға алынған сәттен 10 қылмыстық іс қозғалды, оның біреуі заңсыз көші-қон ұйымдастыруға қатысты. Жалпылай алғанда, қалалық полиция бөлімшелері қызметкерлерінің 3 күндік жұмысы кезінде Қазақстан көші-қон заңын бұзған 1 мың 500 азамат анықталды. Оның 1 мың 260-ы шетелдіктердің қатысуында болған. Сот шешімімен 183 шетелдік сыртқа шығарылды„ деді Алматы қалалық ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Асхат Бүтіншиев.