Айбек Қалиев: «Жер сатуды қолдап жүргендер, билік арнайы дайындап қойған адамдар ма?» 

514 просмотров

Астананың күніне орай, арнайы ұйымдастырылған айтыста жер мәселесін көтеріп: «шетелге, ей, Үкімет, мені сатшы, тілімді енді саған қайрамайын»деген Айбек Қалиев elana.kz сайтына сұхбат беріпті. Ақын өз сөзінде қазіргі күні қоғамда қызу талқыланып жатқан жер мәселесіне қатысты көзқарасын анық-қанық жеткізген екен. Елге танымал айтыскер ақынның пікірін ықшамдап, жинақтап ұсынғанды жөн көрдік.

Халық жерді сатуға да, жалға беруге де қарсы

Айбек Қалиевтің пікірінше, қарапайым халық шет елге жерді сатпақ түгілі, қазақстандықтарға жалға беруге қарсы. 

– Оны қалай айтпаймын. Сондай-ақ, жер комиссиясы облыстарды аралап жиындарын өткізіп жүр.

Сол жиындарда сөйлеген кісілердің көбін билік арнайы дайындап қойған адамдар ма? — деп ойлаймын. 

Өйткені ылғи жерді иеленіп отырғандар сөйлейді. Оларға салсақ: “жер сатылсын, жалға да берілсін, бәрі керемет болады” деп жатады. Ал қарапайым халықтың пікірі басқа. Мені ашындырған тағы бір мәселе: қазақ жерін бөлшектеп-бөлшектеп сатып алған дәкөйлердің есімдері жұмбақ. Оны айтуға болмайды. Заңға томпақ екен. Сонда, тіпті, жерімізді кімдердің сатып алғанын білмеуден артық қандай жаза бар, – деп ашынады ақын.

Бұл ретте Айбек Қалиев аты аңызға айналған Мөде қағанның жерге қатысты байламын мысалға келтірген екен. 

«Тарихқа көз жіберсек, Мөде қағанның жерге қатысты байламы рухыңды қамшылайды. Мәселенки, жүйрік атын сұрап келген қытайға сұрағанын береді. Кейін сұлу әйеліне көздері түседі. Оны да қияды. Әбден құтырған қытайлар жер сұрайды. Міне, осы кезде ашуға мінген Білге қаған, әскеріне атқа мінуді бұйырады. Таң қалған уәзірлеріне:

“Ат пен әйел маған тиесілі еді, оны өз қалауыммен шештім. Ал мына жер халықтікі. Оны сатуға немесе сыйға тартуға менің құқым жоқ.

Сондықтан олармен соғысудан басқа шарам қалмады” деп қара қытайды Бейжіңге дейін қуып тастапты.

Бұл аңызға бергісіз оқиға ғасырдан ғасырға өтіп бізге жетті. Бабалар аманаты осы!»

Ақын:

«Жоңғар және Ойратпен не үшін соғысты бабаларымыз, жер үшін, әрине. Абылай хан бабамыз жер үшін өз балаларын жат қолға аманатқа тастады. Үш жүз жыл отарлаған орыстардың өзі біздің жерімізді түгел тартып ала алған жоқ. Кешегі қылышынан қан тамаған кеңес заманында Алашорда қайраткерлері жер үшін Ленинмен келісімге барды. Бертінде Ташеновтай тұлғалар жер үшін қызметімен де қош айтысты. Міне, осындай

қилы замандарда сатылмаған жеріміз, тәуелсіздік алған тұста, талан-таражға түссе, қаншалықты дұрыс болар еді…»

– дейді.

 Шындық ерте ме, кеш пе бәрібір айтылады

Айбек Қалиевтың айтуынша, қасиетті жердің киесінен қорықпағандарға бір тоқтам болады. Осы ретте ол еліміздегі ірі жер иеленушілер Кулагин мен Терещенконы бір түйреп өтіпті. 

– Жуырда Ақмола облысының әкімі Кулагин 80 мың гектар жері барын мойындады. Жалпы, халықтың білуінше, Терещенкоға тиесілі жер де ауыз толтырып айтарлық көлемде. Қостанай облысында “Иволганың” қаншама мың гектар жері жатыр далыйып. Оның иесі Василий Розинов деген кісі. Атақты миллиардер Машкевичтің қарамағындағы жерлердің қанша екендігі бір Аллаға ғана мәлім, – дейді ақын.

Ақынның сөзіне қарағанда ірі жер иеленушілердің тойымсыздығанан қарапайым халық жапа шегіп отыр. Және осыған қатысты нақты мысал келтіріпті. 

– Жасыбай деген атақты көл бар. Соған жолымыз түскенде, мылтықпен арнайы күзетілетінін көріп шошығаным бар. Әкесінен қалған жер ме ол?! Бұл қазақты басыну ғой. Бұлар біздің білетіндеріміз ғана. Білмейтін, білсек, зәремізді ұшыратын жайттардың болуы да әбден мүмкін. Осы тұрғыда қарасақ, оларға жердің сатылғаны пайдалы. Ал қарапайым қазақ жұртының жерді сатып алуға шамасы келмейтіні әмседен белгілі. Шынын айтсақ,

қазақ үшін жер – материалдық құндылық емес, ұлттық, идеологиялық құндылық,

– дейді Айбек Қалиев.

Ақындардың аузымен айтылған сөздің салмағы болады. Айбек бастаған іске өзге ақындар үн қосар ма екен?… Көрелік. Күтелік. 

 

 

Загрузка...