Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
2
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Мынау, су тегін ғой! 2017 жылы 5-10 пайызбен арзан несие алатын болдық – сарапшы

288

Бұл туралы қаржыгер-маман Ілияс Исаев біздің медиа-порталға берген сұқбатында мәлім етті.

Банк секторындағы біріктіру өте ауыр жүріп жатыр

Маманның айтуынша, банк секторындағы былық-шылықтарды қазір өзіміздің құзырлы органдар айтпаса, ертең оны шетелдіктер айтатын болады. Неге шетелдіктер дейсіз ғой? Себебі, Қазақстан келесі, яғни, 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымына енеді. Сондықтан қазір банк секторында жүргізіліп жатқан тазалау – осы ұйымға мүше, оның стандарттары мен қағидаттарына лайық болуға дайындықтың бір көрінісі.

– Қазақстанда банктер бір-біріне қосылуы тиіс. Капиталды біріктіру керек. Бірақ осы процесс өте ауыр жүріп жатыр.

Жалпы, бұл – Дүниежүзілік сауда ұйымына ену алдындағы процестер. Біз бұл ұйымға енген соң шетелдің банктері Қазақстан нарығына енеді. Сол кезде, қазір ірі деп жүрген банкіміздің өзі түкке тұрғысыз болып қалады. Бұл ретте, Қазкоммерцбанк пен Халық банктің қосылуы туралы болжам баяғыдан айтылып келеді.

Енді ойлай беріңіз, бұл екеуі де біздегі ірі банктер. Солардың өзі қосылатын болса, онда біздегі ондаған ұсақ банктер өздігінен өзі бір-біріне жұтылатын болады.

Банк секторындағы былық: Қазақстанда 88 мың адам несиені алаяқтық жолмен рәсімдеген

Әрине, бұл арада Еуразиялық экономикалық одақтың көшбасшысы – Ресей шетелдік банктердің Қазақстан нарығына енуіне қалай жол беріп қояды, қандай да бір шектеулер болуы ықтимал ғой, деген заңды сауал туындайды. Бұл ретте, Ілияс Исаев Ресейдің өзі шетелдік банктердің Қазақстанға келуіне мүдделі екенін айтады.

–  Егер біздің банк секторы өз-өзін қаржыландыруға қауқарлы болса, шетелдік банктерді Қазақстан нарығына кіргізбей қоюымызға болар еді. Солай етемін деп, Елбасы отандық банк секторына көп көмек пен жеңілдіктер жасап келді. Сырттан тауып әкелген қаражатты ел экономикасын осы банктер арқылы субсидиялады да. Алайда отандық банк секторы Елбасының да, елдің де мүддесін ақтамады. Қазақстанның банк секторы ел экономикасын, өнеркәсіпті дамытудың факторы болғанның орнына оны тежеуші факторға айналып кетті. Оған кеше сенатор Дариға Назарбаеваның келтірген дәйектері дәлел бола алады.

Цифрларды сөйлетсек, Қазақстанның банк секторы көп өрескел қателіктерге, заңсыздықтарға жол берген. Мәселен, Қазақстанда еңбекке жарамды 11 миллион адам бар. Оның 5 миллионы коммерциялық банктерден несие алған.

Бүгінгі таңда оның 2 миллионы  алған несиесін қайтара алмай жүр. Қарызын қайтара алмай жүрген сол адамдардың 1 миллион 700 мыңы несиені бірнеше рет алған. Тексеру анықтағандай, 88 мың адам несиені алаяқтық жолмен рәсімдеген.

ҚР Ұлттық банктің 2016 жылғы дерегіне сүйенсек, Қазақстанда проблемалық несиенің көлемі 1,3 трлн теңгеге сай келеді. Бұл үлкен бір олқылық  деп қоялық. Оған қоса, Елбасы өнеркәсіп пен шағын және орта кәсіпкерлікті субсидияла деп сеніп берген ақшасын олар 3 бағытқа ғана жұмсап отырған: тұтынушылық несие, жылжымайтын мүлік сатып алуға және сауда-саттыққа.

Ал ел экономикасына серпін беретін зауыттарға, ауылшаруашылығына, өндірістік кәсіпорындарға тәуекелі жоғары деп жоламай қойған.

 Шетелдік банктер ауылшаруашылығын  арзан несиеге қарқ қылмақ

Ілияс Исаев Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ішкі нарықты қорғаудың белгілі бір тетіктері міндетті түрде болады деп санайды. Алайда шетелдік банктерге ол тұсау бола алмайды.

– Қазір Ресей арзан әрі мол қаржыға өте мұқтаж. Шетелден алайын десе, Ресейге барлық есік жабық, өйткені Мәскеу санкция құрсауында. Ал Қазақстанға санкция салынған жоқ. Шетелдік капиталдың келу жолдары жабылмады. Сондықтан мұның Ресей үшін қолайлы болуы да ықтимал,

– дейді ол.

Сондай-ақ Ілияс Исаев шетел банктерінің Қазақстан нарығына келуі қымбат несиенің көзін құртады, ал банк секорынан осыған дейін мол табысқа кенеліп келген белгілі бір топтың дәурені өткенге кетеді, сондықтан, бұл ретте, іштей қарсылықтың болуы заңды құбылыс деп санайды сарапшы.

– Осыған дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін неміс инвесторлары сатып алады деген әңгіме болған. Бұл жәй сөз емес. Ол солай болады да. 2007 жылғы әлемдік қаржы дағдарысына дейін Қазақстан синдикаттық несиелерді Deutsche bank-тен алып келді. Сондықтан бұл банк бізде тұрғын үй несиесіне сұраныс жоғары екенін жақсы біліп отыр. Сол секілді қазір ақша бармай жатқан, мысалы ауылшаруашылығы сынды саланы несиелендіруге шетелдік салалық банктер үлкен қызығушылық танытып, локальдық инвестициялық ауанды зерттеп, барлап, байқап жатыр.

Демек, қызығушылық болса, олар мұнда міндетті түрде келеді.

Және келіп қана қоймайды,  несиені 15-20, дан да жоғары пайызбен емес, 5-10 пайызбен бере бастайды. Ондайда қазақстандық банктер банкротқа ұшырайды немесе несие сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге мәжбүр болады.

Сондықтан 2017 жылда қазақстандықтар үшін қолайлы болады, деп айтуға толықтай негіз бар – өйткені көпшілікке арзан несие келе жатыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз