Нұр-Сұлтан
Қазір
24
Ертең
21
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Алматыда техникалық мамандықтарда оқитын студент қыздарға арналған Tañdauym бағдарламасы аяқталды

Tañdauym бағдарламасы 2025 жылы техникалық және өндірістік бағыттарды таңдайтын қыздарды қолдау мақсатында іске қосылды. Бағдарламаның мақсаты — олардың кәсіби ортаға қолжетімділігін кеңейту, рөлдік модельдермен танысуына және индустрияны тәжірибе арқылы тереңірек түсінуіне мүмкіндік беру.

Бағдарламаға Алматы қаласындағы 7 жоғары оқу орнынан 172 өтінім келіп түсті. Іріктеу нәтижесінде 3-4 курс студенттері арасынан 30 студент қыз стипендиат атанды.

Бағдарлама бірнеше қолдау бағыттарын біріктірді. Әр қатысушы CCI Kazakhstan зауыттарының қазіргі қызметкерлері қатарынан жеке менторға ие болды — жобаға жалпы 16 ментор қатысты. Бағдарлама барысында келіссөз жүргізу, конфликттерді басқару, стресс-менеджмент, ассертивті мінез-құлық және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларына арналған soft skills бойынша 5 тренинг өткізілді.

Бағдарламадағы жеке бағыттардың бірі — комьюнити кездесулер мен мансаптық іс-шаралар болды. Қатысушылар үшін 7 тақырыптық кездесу ұйымдастырылды, оның ішінде «Өндірістегі әйел көшбасшылар: мансапты бастау мен кәсіби өсу үшін не маңызды?» атты панельдік пікірталас, Women in Business форумына қатысу, сондай-ақ өндірістік саладағы қазіргі мамандармен кездесулер өтті.

«Бағдарламаға қатысқаннан кейін мамандықтағы «жалғыздық» сезімі мүлде жоғалды. Tañdauym қауымдастығы — бұл тәжірибе, қорқыныштарымыз бен жетістіктерімізді еркін бөлісетін қауіпсіз орта», — деді бағдарлама қатысушысы Жансая Молдахметова.

Бағдарламаның практикалық бөлігі CCI Kazakhstan және Astana Motors зауыттарына жасалған сапарларды қамтыды, бұл студент қыздарға нақты өндірістік үдерістермен танысуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, 28 қатысушы өз қалауы бойынша таңдалған курстарға — ағылшын тілі мен IELTS-ке дайындықтан бастап AutoCAD, Excel, HACCP және жасанды интеллект бойынша курстарға дейін — білім гранттарын иеленді.

Бағдарлама қорытындысы бойынша бір қатысушы CCI Kazakhstan компаниясында стажировкадан өту мүмкіндігіне ие болды, ал тағы төрт студент қыз компанияның амбассадорлары атанды.

«Менің өз-өзіме деген сенімім артты. Техникалық мамандықтар тек ер адамдарға арналған деген стереотипті жеңе алдым. Сонымен қатар, мені түсінетін және мені маман ретінде көретін қолдаушы орта мен ментор таптым», — деді бағдарлама қатысушысы Гүлназ Шайхы.

Қорытынды сауалнама нәтижелеріне сәйкес, қатысушылардың 100%-ы бағдарламаны басқа студент қыздарға ұсынуға дайын екенін білдірген. 97%-ы өз-өзіне деген сенімінің артқанын атап өтті, сондай-ақ 84%-ы бағдарламаның мансаптық мақсаттарын айқындауға көмектескенін, ал 87%-ы менторлармен өзара жұмысты тиімді деп бағалаған.

«Комьюнити кездесулерден және ментормен қарым-қатынастан кейін мен soft skills дағдыларының да маңыздылығы кем емес, кей жағдайларда тіпті маңыздырақ екенін түсіндім. Маған жұмыс берушілер үшін не маңызды екені, сұхбат кезінде сұрақтарға қалай жауап беру керек және өзімді қалай дұрыс таныстыру қажет екені туралы түсінік қалыптасты», — деді бағдарлама қатысушысы Әйгерим Дәрмеш.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Tañdauym бағдарламасының алғашқы циклі техникалық мамандықтарда оқитын студент қыздарды жүйелі түрде қолдауға жоғары сұраныс бар екенін көрсетті. Бағдарлама форматы кәсіби дамуды, мансаптық бағыт-бағдарды және қолдаушы қауымдастық қалыптастыруды біріктіріп, қатысушыларға өндірістік және инженерлік салаларда өз мансабын сенімді түрде құруға мүмкіндік берді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз