Нұр-Сұлтан
Қазір
18
Ертең
15
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Жұмбақ жағдайда жоғалған Ерзат Егінбайдың туыстары суицидке сенбейді

«Баламның жамандыққа ұшырайтынын ана болып еш сезбедім. Төрт баламның Ерзат екіншісі. Жарты жыл бұрын ғана үйленген. Келіншегіне де күдіктенетіндей ешнәрсе айтпаған. Балам тыныш жүретін. Ол қылмыскердің қолынан қаза тапты. Бейнекамераларда ол біреуді іздеп жүрген сияқты болып тұрды», – дейді анасы Талша Құсайынова.

Ерзаттың денесі 23 мамыр күні Еңбекшіқазақ ауданы Космос ауылынан көлден табылды. Оны осы ауылдың 16 жастағы тұрғыны Жан Мұхаметхан судан алып шыққан.

«Мен көл жаққа атпен шықтым. Қарасам бірнеше адам жиналып тұр екен. Көл бетінде бірнәрсе қалқып жүр, адам сияқты болды. Суға жүзе аласың ба деді, мен жүземін дедім. Сөйтіп жүзіп барып қарасам, расымен адам екен. Мен оны аяқ киімінен ұстап жағаға шығардым. Кері қарай аударып, сол жоғалған адам ба, жоқ па қарадық», – дейді Жан Мұхаметхан.

Ерзаттың жоғалғаны туралы ақпарат төрт күн бойы тарады. Бұған дейін фотосын көрген Космос тұрғындары Ерзатты бірден таныған.

«Мәйіт жағадан 15 метрдей жерде қалқып тұрды. Көгеріп, ісініп кеткен. Өзімде қорқу деген болған жоқ. Ал ана жігіттің денесінде пышақ жарақаты сияқты ешнәрсе болған жоқ, киімі жыртылмаған. Су батып кететіндей терең емес. Көлдің ауыл жағынан түссе батып кетуі мүмкін емес, мүмкін арғы жағынан құлап кеткен шығар, кім білсін», – дейді мәйітті алып шыққан бозбала.

Ерзат Егінбайдың денесін көруге мәйітханаға барған туыстары да марқұмның денесінде ешбір зорлық-зомбылық белгілері болмағанын айтады.

Жас жігіт қала ортасынан 60 шақырым жердегі Космосқа не үшін барды, ажалы неден болды? Туыстарына да, полицияға да жұмбақ. Өйткені бұл ауылда Ерзаттың ешбір туысы, жақыны тұрмайды. Марқұмның ұялы телефоны жанынан табылған. Бірақ суға түсіп кеткендіктен ондағы ақпараттарды білу мүмкін болмай тұр, дейді жігіттің туыстары.

Жұмбақ жағдайда көз жұмған 26 жастағы Ерзат Егінбайдың мәйіті үйіне бір күн де түнеместен, бірден жер қойнына табысталды. Өйткені суда 4 күн жатқандықтан марқұмның денесі бұзылып кеткен. Алматы облыстық полиция департаменті аталған факі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Бұрын хабар-ошарсыз кеткен адамның мәйіті табылуына байланысты полиция қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің барлығы жүргізілді. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады полиция.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз