Нұр-Сұлтан
Қазір
-11
Ертең
-10
USD
515
-0.96
EUR
537
-0.28
RUB
5.18
+0.01

Жұмысқа кеткен күйеуі өзге әйелге үйленіпті

Мұғалім болып жұмыс істейтін таныс келіншек бір ұлы мен бір қызын жалғыз өзі жетілдіріп келе жатқанын бұрыннан білетінмін. Ұлы да, қызы да сондай тәрбиелі, мектепте үздік оқиды. Анасының айтар ойын қас-қабағынан білетін зерек балалар. Бірақ күйеуімен не үшін ажырасқандарын сұрамайтынмын. Онсызда жаралы жанын тырналап қайтем. Дегенмен бір күні екеумізге оңаша отырып, әңгімелесудің сәті түсті.

«Биыл қызым мектеп бітіреді. Бітіру кешіне әкесін шақырсам келер ме екен деп ойланып отырмын», – деп мұңайды. «Перзенті ғой келетін шығар», – деп мен де үміттендіріп қойдым. «Қайдам? Қатынынан аса алса… – деп күрсінген ол әрі қарай мен сұрамай-ақ әңгімесін бастап кетті.

«Өзімнен де бар, алысқа жұмысқа жібермеуім керек еді, – дейді ол. – Қазір ауылды жер түгіл қаланың өзінде жұмыс табу қиын ғой.

Ол кезде біз ауылда тұратынбыз. Балалар кішкентай, жалғыз өзім жұмыс істеймін. Күйеуім осы екеуіне қарап үйде отырған. Бірде бар, бірде жоқ жетіспеушілік болса да, біз бақытты едік. Күйеуім барда төрт құбыламыз да түгел секілді көрінетін.  Бірде Ақтөбеде жұмыс істейтін бір танысым 60 мың теңге берсең күйеуіңді жаныма жұмысқа тұрғызып беремін, айына пәлен мың айлық салып тұрады деді. Қызығып кетіп, айлығымның бір тиынына да тиіспей күйеуімнің қолына ұстаттым да жібердім. Бар ойым, екі жақтап ақша тауып, балалардың кішкентай кезінде жағдайымызды көтеріп алу болатын.

Сонымен күйеуім алғашында екі-үш айдай айлығын уақытында салып тұрды да, кейін ізім-ғайым жоғалып кетті. Тырс еткен бір хабар болсайшы. Ақырында сол жақта өздерімен бірге жұмыс істеп жүрген бір әйелге үйленіп кеткенін естіп, есеңгіреп қалдым. Күйеуімді менен өзгені сүйіп қалады, отбасын тастап кетеді деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген екен. Осылайша тыныш қана жанымда жүрген күйеуімнен айырылып қалдым. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды», қателігін түсініп, қайтып келер деген үмітпен ауылдан кетпей төрт жыл тұрдым. Келмейтініне көзім жеткен соң балаларымды алып, қалаға кеттім. Қазір оның кеткеніне де он жылдан асты. Тым құрығанда балаларымен сөйлесіп тұрса болады ғой. Мен-ақ жаман бола қояйын, бірақ балалардың не кінәсі бар деймін да».

Осылай деген ол ызаланып жылап қалды. Мен не дейін? «Өмір ғой бұл…», – деп жұбатқан болдым. Бірақ сол өмірді жасайтын өзіміз ғой. Қазіргі ажырасулардың бір түйіні де осында жатыр ма деймін. Неге әр аймақта сол жердің ресурстық ыңғайына қарай өндіріс орнын салып, жұртты жұмыспен қамтамасыз етпеске? Сонда ер-азаматтар Астана мен Алматыға, Атырау мен Ақтөбеге жұмысқа кетіп сабылмас па еді? Шаңырақтар да шайқалмай орнында тұрар ма еді?

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз