Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
11
USD
432
+2.31
EUR
506
+3.43
RUB
5.52
+0.10

Жоңғар Алатауында қар барысының саны 40-қа жуықтады (видео)

178

Парк қызметкерлерінің мәліметі бойынша қазір Жоңғар Алатауының сілемдерінде 39 қар барысы мекен етеді. Олардың біразы парк аумағына қойылған жасырын фото және бейнекамераларға түсіп қалған. Кейбір ілбістер екі-екі аландарымен таспаға ілінген.

Ерекше қорғалатын аумаққа жатқызылғаннан кейін жойылып кету қаупі төңген қар барысы мен басқа да жануарлардың табиғи жолмен көбеюіне мүмкіндік туды.

Жалпы Жоңғар Алатауы паркінің аумағы 356022 гектар. Алматы облысының Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарының жерлерін қамтиды. Жоңғар Алатауының солтүстік жотасында батыстан шығысқа қарай 300 шақырымға созылып жатыр. Теңіз деңгейінен ең биік нүктесі Семенов-Тянь-Шанский шыңы, биіктігі 4622 метр. Жоңғар Алатауында өсетін барлық өсімдіктің 75 пайызы, яғни 2200-ге жуық түрі бар. Қазақстанның қызыл кітабына енген өсімдіктердің 26 түрі осы жерде өседі.

Ұлттық парктің жануарлар әлемі де өте бай. Бұл жерде сүтқоректілердің 52 түрі, 238 түрлі құс, бауырмен жорғалаушылардың 8 түрі және 2 қосмекенді жануар мен 2 түрлі балықты кездестіруге болады.

Тіршілік иелерінің басым бөлігі бұл жерде бұрыннан мекен етіп келеді. Ал 3 жануар бұл жерге қолдан жіберіліп, көбейтілген. Мәселен ақ тиін Сарқан орман шаруашылығы аумағына 1953 және 1964 жылдары жіберілген. Ал америка қара күзені Тентек өзенінің маңында арнайы зоофермада өсірілген. Шаруашылық басынан бірлі-екілі жануар еркіндікке қашып кеткен жайттар болған. Бірақ өткен ғасырдың 80-ші жылдары бұл жануарларды шаруашылықтан әдейі босатып жіберген. Қазір америка қара күзенін Лепсі өзеніне құятын ірі өзендер бойынан кездестіруге болады.

Мұндағы жасырын фото-бейнекамераларға алуан түрлі аң-құстар түсіп қалып жатыр.

Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің бас директоры Есәлі Барлықбаевтың айтуынша заманауи техника жануарларды тіркеп, оларға санақ жүргізіп, зерттеу жұмыстарын жасауға өте қолайлы. Әсіресе Қазақстанның қызыл кітабына еңген 8 түрлі жануарларды қадағалауға жақсы мүмкіндік.  Мысықтұқымдасқа жататын түркістан сілеусіні және сабаншы, тянь-шань қоңыр аюлары, тянь-шань арқары, тау текелер мен маралдар  парктің бейнеқорын толықтыра түскен.

Жалпы Жоңғар Алатауы паркінде 300-ден астам адам еңбек етеді. Парк аумағында 11 туристік маршрут белгіленген. Олардың жалпы ұзындығы 1286 шақырым. 1066 шақырымын автокөлікпен жүріп өтуге, 200 шақырымын жаяу жүруге болады. 40 адамға арналған 2 туристік база салынды. Сондай-ақ туристік рекреацияны дамыту мақсатында 10 туристік база салу үшін биыл тендер ойнатылуда дейді парктің туризм бөлімінің басшысы Меруерт Сүлейменова.

Жоңғар Алатауы паркі аумағында жабайы сиверс алмасы өседі. Отандық және шетелдік ғалымдар бұл алма барлық алманың атасы екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Сондықтан соңғы жылдары мұндағы сиверс алмасын көруге шетелдіктер жиі келеді. 2017 жылы 2 мыңнан астам турист парк аумағына саяхаттап келген. Жаңа туристік нысандар салынса, биыл олардың саны әлі де арта түспек.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз