Орта салмақтағы WBC/WBA/IBF/IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің мексикалық Сауль Альвареспен екі жекпе-жегіндегі төрешілердің шешімі бокс жанкүйерлерінің көңілін қалдырды. Бұл туралы GGG бапкері Абель Санчес айтты, деп хабарлады Sports.kz.
GGG мен “Канелоның” алғашқы жекпе-жегі тең аяқталды, екінші жекпе-жекте төрешілер жеңісті Альвареске берді. Екі шешім де фанаттар мен сарапшылардың наразылығын туғызды, олардың пікірінше, бұл жекпе-жектерде Головкин жеңімпаз атануы тиіс еді.
“Өкінішке қарай, мұндай шешімдердің салдарынан бокс фанаттарын жоғалтып жатырмыз деп ойлаймын. Иә, бұл жекпе-жек итжығысқа жақын болды, алайда Геннадий одан жеңілген жоқ, жай ғана төрешілерден бағасын алмады. Алғашқы жекпе-жек мұншалықты шешуші болмады, өйткені белсенді әрекет жасалған жоқ. Бұл кездесуде, Геннадийдің қалай жұдырықтасқанын ескерсек, есеп кем дегенде 7-5 болуы керек еді. Әлеуметтік желілерде де осыны айтып шулап жатыр.
Мұндай даулы шешімдер енді болмауы үшін бір нәрсе жасалуы тиіс. Бұл екі рет болды. Жанкүйерлер шешімге алаңдаушылық білдірді. Лас-Вегаста бұл алғаш рет те, соңғы рет те болып отырған жоқ. Лайықты адам жеңу үшін бір нәрсені өзгерту керек. Миллиондаған жанкүйердің қателесуі мүмкін емес. Қайталап көріп жатқан көрермендер жаңылыспайды. Біз жанкүйерлерді жоғалтпау үшін бірдеңе істеуіміз керек”, — деді Санчес The Ring-ке берген сұхбатында.