Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
10
USD
421
0.00
EUR
499
0.00
RUB
5.6
0.00

Жинақты теңгеде сақтау қауіпті. Девальвация тағы қайталану қаупі бар – сарапшылар

Мұндайда желдірме сөздің желдей есе жөнелетіні белгілі. Ел арасында “Тәуелсіздік күнін тойлап болған соң” кезекті девальвация орын алып, ал кейбіреулер “Жаңа жылдан кейін теңге қатты құнсызданады екен” деп дақпырт таратып үлгеріпті. Біз бұл сыбыстың рас-өтірігін анықтауға тырысқан жоқпыз. Тек қаржыгерлер, кәсіпкерлер өз жинағын қандай валютада сақтап отырғанын білу мақсатында олардың өздерімен хабарласқанды жөн көрдік.

Жинақты теңгеде сақтау қауіпті

Тимур Назханов

Тимур Назханов

Тимур Назханов, Тәуелсіз Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының вице-президенті:

– Кезінде ҚР Ұлттық банкінің экс-төрағасы Марченко мырза қазақстандықтарға жинағын әртүрлі валютада сақтауға кеңес берген еді. Оның өзектілігі әлі жойылған жоқ.

Қазір жинақты теңгеде сақтау қауіпті. Әрине, теңгені тұтынған дұрыс қой. Бірақ бізде „патриотизм„ деп шығынға ешкім ұрынғысы келмейді. Евро да тиімсіздеу. Қазір оның бағасы да құбылып тұр.

Қалай дегенмен де шағын жинақ болса, оны америкалық долларда ұстауға кеңес берер едім, ал ұзақ мерзімге сақтайтын ақшаны алтынға айналдырған дұрыс болады. Өйткені уақыт өткен сайын алтын қымбаттамаса арзандамайды.

Жинақты АҚШ долларында сақтаған дұрыс

Азат Қонысбек, кәсіпкер

Азат Қонысбек

Азат Қонысбек, кәсіпкер:

– Өйткені Қазақстан ауыз толтырып айтатындай зат өндірмейді. Содан келіп, мұнайдың бағасына қарап отырғанымыз, отырған. Ал қазір мұнай бағасы құбылып тұр.

Евро да қазір тұрақсыз. Өз басым, Ресейдің рублі мен Қытайдың ақшасына жоламаймын. Кәсіпкер болғандықтан ол елдерді де көрдік қой. Тауарлары сапасыз, ал сапалысы Батыстың тауарынан біршама ғана арзан. Бірақ сенімсіз, өтірікті көп айтады, сөздерінен тайқып кетеді.

Тағы бір жағынан, Қытайдікі көшірме. Ал көшірме құйрығынан жүріп отыру дегенді білдіреді, яғни, өзіндік ғылыми-технологиялық потенциал жоқ. Ресей де сол. Қыста орыстың көлігінде шешініп отырдым деген адамды көрген емеспін.

Одан да Батыспен жұмыс істеген әлдеқайда тиімді. Онда тұрақтылық бар, келісімшарт заңға сай сақталады.

Болашақта теңгені девальвация, құлдырау ғана күтіп тұр

Айдар Әлібаев

Айдар Әлібаев, қаржыгер-маман:

– Қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі төмендеп барады. Инфляцияны күштеп ауыздықтау жүріп жатқанда нарықтың аясы да тарылады, тұтынушылық сұраныс та төмендейді. Қазақстан халқы бұрынғыдай емес, ақшаны үнемдеп ұстауға мәжбүр. Тек тамағы, балаларының қажеттілігі және пәтерақыға ғана ақша жұмсайды, онда да табыс одан көп артылмайды. Мұндай жағдайда там-тұмдап жинаған ақшаны қалай сақтау керек, оның құнсызданып кетпесі үшін не істеу керек деген мәселе өзекті бола түсуі заңдылық. Әрине, бұған жауап берудің өзі қиындау.

Өйткені ақшаны банк депозитінде ұстауға кеңес бере алмайсыз. Теңге девальвациясының қауіп-қатері жоғары.

Көріп отырғандарыңыздай, соңғы кездері теңге құнсызданып жатыр, мұнда тұрақтылық жоқ. „Теңге күшейеді„ деп айтатындай, нақты негіздер көрінбейді.

Болашақта теңгені девальвация, құлдырау ғана күтіп тұр.

Осы тұрғыдан алғанда, жинақты теңге түрінде депозитте сақтау тиімсіз.

Сондай-ақ Айдар Әлібаев алтынға да көп жоламауға кеңес береді.

Алтынды өткізу қиын

– Кейбір адамдар алтын алып жатады. Мен мұны, әсіресе бүгінгі күні тиімсіз амал деп санаймын. Неге?

Өйткені алтынды сатып алу оңай, алайда өткізу қиын. Егер алтын бұйымдары болса, тіптен, қиямет. Алтын бұйымдарды сатсаңыз, оны қара базардағы бағамен ғана өткізе аласың, яғни екі есе арзанға.

Осы жағынан алғанда, тиімдісі шетелдік ақшалар. Бұл ретте еврода ақша ұстауға кеңес бермес едім. Өйткені Еуропадағы тұрақсыздыққа байланысты евро бағамының шалт қимыл жасау ықтималдылығы жоғары. Дұрысы, әрине, америкалық доллар, сондай-ақ шартты түрде ағылшын фунтын, швейцар франкін, жапон иенін алуға болады. Міне, осы валюталар жинағыңыздың құнсызданудан белгілі бір деңгейде қорғай алады.

Алайда шетелдік валютаға айналдырған ақшаны депозитке салудан ешқандай пайда жоқ. Өйткені оған тағайындаған банктің сыйақы мөлшерлемесі өте мардымсыз.

Сондықтан жинақты шетелдік валютаға айналдырып, оны жаныңызда ұстағаннан басқа амал жоқ…

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2020 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз