Жер комиссиясының алғашқы отырысында ақын Мұхтар Шаханов жер мүлдем сатылмасын және шетелге жалға беруді де тоқтату керек деген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Today.kz.
– Мұнда жұрттар өз пікірлерін айтуда. Оның біріне қосыламын, біріне қосылмаймын. Біз басты-басты мәселелерді алға қоюымыз шарт. Жер мүлде сатылмауы және шетелдіктерге жалға берілмеуі керек. Ал өзіміздің адамдар иеленгісі келсе иеленсін, алайда олар да теріс пиғылға кетіп қалмауын қадағалау қажет. Себебі жекешелендіру болған кезде он қабатты үйлер мың теңгеге, екі мың теңгеге жекешеленіп кетті. Бұл мәселе төңірегінде даулар, түсініспеушіліктер көп, асыра сілтеушілік те болды. Біз бәріміз барынша шындық биігінен көрінуіміз керек ,- деді Мұхтар Шаханов.
Кеше, яғни 14 мамырда Астанада Жер реформасы бойынша құрылған арнайы комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бұдан бұрын хабарланғандай, Комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексінің нормаларын түсіндіру және талқылау, сондай-ақ ұсыныстар әзірлеу үшін құрылды.
Құжатта жалпы ереже, міндет, комиссия жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі сондай-ақ, құрамы бекітілген.