Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
20
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Жазира Жаппарқұл: “Алтын алмай, тұрмыс құрмаймын”

496

– Жазира, ең әуелі жеңісіңмен құттықтаймыз. Мұндай атаққа қол жеткізгеніңе бүкіл қазақ елі қуанышты. Жалпы, көңіл күйің қалай?

– Көңіл күйім өте жақсы, бәрі ойдағыдай. Өзімнің діттеген мақсатыма жеттім. Ендігі арманым, алдағы уақытта Токио Олимпиадасында жеңіске жету. Бұл Олимпиада мен үшін ерекше өтті. Қолдау көрсеткен барша отандастарыма алғысым шексіз. Ерекше сезімге бөлендім. Жеңістер ешқашан үзілмесе екен деймін. Әлеуметтік желідегі жеке парақшамды ашқанда, мені құттықтаған  отандастарымның жазбаларын көріп қуанып қалдым.

– Бәсекеге келейік. Осы Олимпиадағы  алғашқы кезең сен үшін қаншалықты қиын болды?

– Дайындық, зілтемірді көтерудегі әрекетім ойдағыдай болды деуге болады.

– Салмаққа тапсырыс беру барысында 111  келіге өзгерттіңіздер, мұны бапкеріңіз шешті ме?

– Бапкерім Алексей Ни, екеуміз өзара келісіп шештік. Менен «қай салмаққа дайынсың», – деп сұрады. Ал мен таңдауды сол кісінің еншісіне бердім. Жалпы, 111 келі салмақты күнделікті жаттығуда көтеріп жүрмін. Мен ешқашан ұсынылған салмақтан бас тартқан емеспін. Ең бастысы, өзіме сендім.  Екінші мүмкіндікте 115 келіге бердік. Аздап қимыл-қозғалыста ауытқығаным болмаса, бәрі ойдағыдай.  Одан кейін 117 келі салмақты еңсердім.

– Біз сені 120 келіні таңдайды ма деп күткен едік? Зілтемір бағынбаған болды ғой?

– Менен «қанша салмаққа дейін көтере аласың?» деп сұрағанда 118 деп айттым.  Сәл жылдамдық жетпей қалды. Бір жерде қателік кеткен болатын. Енді сол қателіктің қайталанбауын қадағалаймыз.

– Одан кейін зілтемірді көтеріп тұрып, жерге түсіріп алдың?

– Сәл жылдамдығым жетіспей қалды. Қысқасы, баяулау қимылдап қалдым. Ал одан кейін өздеріңіз куәсіздер, 140 келіні қатты жылдамдықпен көтердім.

– Екінші рет шыққаныңда өзіңе сенімді болғандайсың…

– Екінші рет шыққанымда еш қорқыныш болмады. Қаншама жасаған дайындықтарымды есіме түсіріп, өзімді жиып алдым. Бар күшімді жинадым. Ең бастысы, менің өзіме сенгенім, жеңіске жетеледі деп ойлаймын.

– 140 келі салмақты көтеру барлығын шешті. Осы мезетте, көтере алмай қалсам, не істеймін деген ой келді ме?

– Ол  жерде мен бар күшімді салып көтере білдім.

–  Негізі, бастапқы мақсатың алтын алу ма еді?

– Иә.

-– Дайындық кезінде қаншаны көтеріп жүрсің?

– 120, 153 көтеріп жүрмін.

–  Жаттығуларда көтерген салмақты жарыста көтеру қиын болады ма екен?

–  Жоқ, көтеруге болады. Бірақ біз жарыс болатын уақыттың 10,15 күн бұрын ауыр салмақ көтеруді тоқтатамыз. Жарысқа бар күшімді саламыз. Қарсыластарыңның да  қандай салмақты таңдағанына мән бересің. Ұзақ жол жүргеннен де,  салмақта аздап өзгерістер болады. Өзімдегі кішкене жарақатым болғандықтан, сәл төмендеу болып қалды. Менің, негізінен белім ауырады. Оған қарамай дайындықты тоқтатқан емеспін.

–  Бұл жолғы жеңісіңнің жүлдесін қайда жұмсайсың? .

–  Енді бұл жолғы жоспарым ерекше. Сіңілімді  емдетуге жіберем, ал қалғанын ата-анам шешеді.

–  Тұрмысқа шығу ойыңда бар ма?

– Менің бұл  Олимпиададан алтын алам деген жоспарым болған еді. Бірақ ол бұйырмағандықтан, қазір тұрмысқа шықпаймын (күлді). Алтын медаль алғасын тұрмыс құрамын! Келесі жылдан бастап, салмақ өзгереді. Оның қандай болып өзгеретіндігін,  алдағы уақытта белгілі болады. Бапкерлермен ақылдасамыз.

– Жарыстағы межеңді орындадың. Енді демалысқа шығасың ба?

– Иә. Мен бұл уақытта емделемін деп отырмын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жазира Жаппарқұл қазақ қыздарынан тұңғыш Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ауыр атлетикадан қоссайыстың қорытындысы бойынша 259 келіні бағындырды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз