Солтүстік Қазақстан облысында енді жаңадан салынған жолдардың сапасын цифрлық платформа бақылайды. Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған ақылды жүйе әрбір алынған үлгіні жеке тексеріп, тиісті сараптамадан өткізеді. Бұл туралы 365info.kz сайты “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.
Осындай нысандардың бірі – Петропавл қаласының шетіндегі айналма жол. 30 шақырымдық бұл учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дайын болған бөліктерде мамандар жол жабынының сапасын тексеру үшін сынамалар алады. Әрбір сынамаға QR-код беріледі, ал алынған орны картада автоматты түрде белгіленеді. Мамандардың айтуынша, цифрлық технологиялар олардың жұмысын едәуір жеңілдеткен.
«Бұрын барлық актілер қолмен толтырылатын, қазір олардың барлығы электронды планшет арқылы рәсімделеді. Бұл өте ыңғайлы – барлық мәлімет цифрландырылған әрі адам факторынан болатын қателіктердің алдын алады. Сондай-ақ нысанды және сынама алу процесін фотоға тіркеудің де артықшылығы бар. Фотосуретте сынама алынған жердің нақты орналасқан орны автоматты түрде көрсетіледі», – деді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының инженері Айдар Сәдуақасов.
Цифрлық платформа барлық процестің толық ашық өтуін қамтамасыз етеді. Іріктеліп алынған сынамалар нақты уақыт режимінде дерекқорға тіркеледі. Мамандардың айтуынша, мәліметтерді бұрмалау мүмкін емес. Себебі зертханаға жеткізілген материалдар жасанды интеллектпен жабдықталған заманауи құралдардың көмегімен сараптамадан өткізіледі.
«Жарты жылдың ішінде 440 сынаманы зерттедік. Соның шамамен 20 пайызы талаптарға сәйкес келмеді. Анықталған кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші мен мердігерге нұсқамалар жіберілді. Кемшіліктер толық жойылып, бұл жұмыстар бізбен бірге тексерілгеннен кейін ғана жүйедегі ескерту алынып тасталады», – деді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалының директоры Қанат Усербаев.
Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 8 200 шақырым. Биыл оның 700 шақырымын жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа шамамен 90 миллиард теңге бөлінеді.