Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект туралы қазақ тілінде жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» кітабының тұсаукесері өтеді. Іс-шара 11 наурыз күні Алматы қаласындағы Smart Point орталығында (Smart Space залы, Байзақов көшесі, 280) сағат 14:00-де ұйымдастырылады.
Аталған шара аясында кітаптың таныстырылымы өтіп, жасанды интеллект саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар, IT, киберқауіпсіздік, биотехнологиялар және жасанды интеллекттің болашағы туралы пікір алмасу алаңы ұйымдастырылады.
Әлемде жасанды интеллект қарқынды дамып, көптеген салаға әсер етуде. 2024 жылы ЖИ технологияларын қолдану әлемдік нарықта 190 миллиард доллардан асты. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмай, жасанды интеллект бағытында белсенді дамып келеді. ЖИ-ді қолдану арқылы өндіріс, медицина, білім беру және қаржы салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп жатыр.
«Қолжазба өте сауатты жазылған. Жасанды интеллект туралы қазақша мәлімет алу қиын кезде, бұл еңбек саладағы үлкен жетістік. Кітапта ЖИ өнімін ұсынатын компаниялар, негізгі терминдер мен практикалық тапсырмалар қамтылған. Мұндай мұқият дайындалған еңбекті оқу – үлкен ғанибет», – деп журналист Қайнар Олжай кітаптың мазмұны мен сапасына жоғары баға берді.
AI-Hub тек қана жасанды интеллект технологияларын зерттеумен ғана емес, осы саладағы білім беруді дамытуға да үлес қоспақ. AI-Hub Publishing алдағы уақытта жасанды интеллект, IT, киберқауіпсіздік және биотехнологиялар тақырыбында қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік кітаптарды басып шығаруды жоспарлап отыр.