Рауан бір үйдің үлкені. Оқу бітіріп, жұмыс тауып Астанада қалды. Жасы отыздан асса да, әлі үйленген жоқ. Ал өзінен кіші бауырлары бұдан бұрын шаңырақ көтеріп, бала сүйіп отыр.
Сол Рауан біртіндеп жүріп бір кәсіптің басын шалып, ақыры онысын дөңгелетіп әкетті. Пәтер алған соң, әпкелері қолқалап үйлендірмек болды. Қатарластарының көбі баяғыда тұрмыстанып кеткен. Әпкелері “жас қыз ал, сыйластықтарың мықты болады”, — деді.
Сөйтіп жүріп үшінші курста оқып жүрген бір жас қызбен танысады. Күнде телефонмен сөйлесіп, әлеуметтік желіде араласып, екі күнде бір көрісіп, әңгімелері таусылмайтын. Осылайша жігіт пен қыз бір-біріне әбден үйренісіп алды. Басында баспанасы, астында көлігі бар, өзінен мүшел жас үлкендігі бар, салмақты жігітті Жұлдыздың ата-анасы да ұнатты.
Бірде ең үлкен әпкесінің баласы үйленетін болып, олар Шымкент жаққа бет алды. Бірнеше күн аунап-қунап, тойын өткізіп Алматыға жинала бастады. Анасы немересі мен Жұлдыз кейінірек барсын деп өтініш айтты. Оларды қалдырып, Рауан көлігімен кері қайтты. Көлік аз болады деп түнге қарай жолға шыққан Рауан таң ата ұйқы қысқасын жол жиегіне тоқтап тұрған. Денесін ширатып, аяқ-қолдарын сілкіп, бөтелкедегі салқын суға бетін жуды. Көлігіне отырып, қозғала бергені сол еді, қарсы келе жатқан көліктің жарығы тура өзінің бетіне түсті. Ары қарай қап-қараңғы. Есін жиған ол ауруханада жатқанын білді. Басы, қолы қимылдағанымен, аяғынан төмен жағын сезбеді. Қолын төмен созып, сол жақ аяғын сипады. Сұп-суық. Жұлдыыыз! – деп қалай дауыстап жібергенін өзі де сезбеді. Бел омыртқаға зақым келіп, аяқтан жан кеткенін кейін білді. Үш айдан соң мүгедектер арбасына таңылып, ауруханадан шықты.
Енді Рауанның мінезі күйгелек, ашушаң болып кетті. Күнұзақ үйде, Жұлдыз жұмыстан келгенде мүлдем үндемей, сөйлемей қоятын да кездері болатын. Ондай кезде Жұлдыз пысылдап жүріп, үй шаруаларын атқарып, тамағын пісіріп, баласын жатқызып, Рауанды мазаламайтын. Рауанның достары оны ұмытпай, қол ұшын созып тұрды, ай сайын бұрынғы кәсібінен түскен қаржыдан “үлесін” әкеліп, көмектесіп тұрды. Бұрынғыдай мардымды болмағанымен, жоқтан барға шүкіршілік ететін Жұлдыз. Баласы Рауанның анасында. Мектепке дейін осында болсын деп алып қалған. Осылайша арада бес жыл өтті.
Рауанның көңіл-күйі біршама тұрақтанды, болған жағдайға көндікті. Бірақ, бүгінде жан-дүниесінің терең түкпірінен жалындап шыққан аһ ұрудың сыры бар. Соңғы кездері Рауан Жұлдыздың біршама өзгеріп жүргенін байқайтын. Банкте бұған дейін несие бөлімінде жұмыс істеп келген келіншегі енді бөлім бастығы болыпты. Сыланып-сипанып, киім кию үлгісін де өзгертіпті. Рауанның көңіліне күдік кіре бастады. Және соңғы кездері “менің жауапкершілігім артты, жиналыс көп, комиссия көп”, — деп кешігіп келетінді шығарды. Мейрамдарда тіпті таң ата келеді. Әтір, жүзік, телефон тәрізді қымбат заттар әкеліп жүрді. Қыздар, құрбыларым сыйлады дейді. Әдетте жансыз жататын телефонына да жан бітіп, енді тыным жоқ, хабарламалар алуы жиілеп кетті. Ондайда Жұлдыздың бет-жүзі балбырап, көзі күлімдеп кететін. Сөйлесу үшін басқа бөлмеге жүгіріп шығады. Әдетте бұған мұқият қарап, тамағын, киімін жіті қадағалап отыратын. Енді мінезінде селқостық, немқұрайдылық пайда болғандай. Рауанды қызғаныш өртеп, күдік жүйкесін жегідей жеп, өзін қоярға жер таппады. Көз алдына әйелінің әдемі киініп, жымиып, көлбеңдеп біреумен кетіп бара жатқаны елестейді. Одан соң, төсекте біреумен жатқаны… Жо…жоқ.
Иә! Сол апаттан кейін бұлардың төсек қатынасы тоқтаған. Себебі аяғынан төмен қарай қозғалмайды емес пе? Шарасыз….
Соңғы уақытта Рауан есік алдына да шықпайтын болды.
“Жардың шетінде тұрғандаймын. Көңілдегі күдік жан-дүниеңді жегі құрттай мүжіп жатса, өзге нәрсеге назар аудару қиын”, – дейді ол.
Жұлдыздан біржола қол үзейін десе, онсыз мына үйде жалғыз қалай тұрмақ? Қалай, не істесем болады деген жауапсыз сұрақтар.
Өзіне өзі қол жұмсаса, ата-анасының күні не болмақ? Мына тұңғиықтан шығудың жолы бар ма? Не істеуі керек?
Аяжан Төрехан