Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Жарнама стенді құлап, көз жұмған ер адамның ұлы: Министрдің “өзі кінәлі” деген сөзі есеңгіретіп тастады

«Менің әкемде шақыру қағазы болған. Ол көрмеге заңсыз кірмеген. Оның аты-жөні тізімде көрсетілген. Егер ол тізімнің көзін құртып жібермесе, қайтадан шығарып, тексеруге болады. Әкем жақында ғана зейнетке шыққан және денсаулығы сап-сау болатын. Бір ай бұрын ғана ауруханада толық тексеруден өткен. Әрине, күніне 10 шақырымнан аса  жаяу жүретін адамның өлімі отбасымызға ауыр тиді, оны ешкім күтпеген еді. Сонымен қатар, әкем сол көрмеге немересін ертіп кеткен болатын»,- деді марқұмның ұлы.

«Сол күні маған жүргізуші хабарласты. Әкем оған өзін алып кетуін өтініпті. Ол сол уақытта көрмеден шығып келе жатқан екен. Ал, алты минуттан кейін немересі хабарласып, атам құлап қалды деді»,- деп жалғастырды ол.

Оның айтуынша, оқиға орнында кезекші болған жедел жәрдем көлігі зардап шеккен адамды ауруханаға жеткізуге түбегейлі бас тартқан. Олар нұсқаулық бойынша кетуге тиіс емес екендіктерін айтқан көрінеді.

«Дәрігерлер әкемнің үстіне ауыр зат құлап түскенін, қысымы төмендеп бара жатқанын айтып түсіндірді. Сол маңға ең жақыны президент іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасы болды. Мен кезекші жедел жәрдемді әкемді ауруханаға апаруға көндірдім. Оқиға орнына келгенде де, тағы бес минуттай көндірдім. Әкем көлікте жатқанда есін білетін және сөйлеп тұрған. Ал, олардың басқа «жедел жәрдем» көлігін күтетінін түсінген кезде бірден президент іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасына қоңырау шалдым. Олардан өздерінің жедел жәрдем көлігін жіберуін өтіндім»,- деп есіне алды марқұмның ұлы.

Марқұмның ұлының айтуынша, президент іс басқармасы медициналық орталығының жедел жәрдем көлігі келгенше төтенше жағдайдың болғанына 45 минуттай уақыт өткен. Ол осы уақыт ішінде әкесін кез келген қалалық ауруханаға алып келіп, ота жасауға дайындауға болар еді дейді.

«Менде жедел жәрдем көлігіне отырдым. Болған жағдайға бола ашулы болдым. Әкем дәрігерлердің жұмысына кедергі жасамауды өтінді. Ал, ауруханаға келгенімізде әкемді соңғы рет құшақтап, бетінен сүйіп үлгердім», – дейді марқұмның ұлы.

Аяқ-асты асқар тау әкесінен айырылып қалған ұлының кешеден бері телефонына дамыл жоқ. «Көрмеде қайтыс болған адамның өзі кінәлі» деген министр Атамқұловтың сөзін баспасөз бетінен оқыған жұрт абдырап қалған.

«Мен министр қалайша осындай сандырақ айтады деп, есеңгіреп қалдым. Шынымен де, сандырақ. Алғашында, өзім естімеген соң журналисттер асырып жазған шығар деп ойладым. Миыма сыймады»,- деді ол.

Айтуынша, түстен кейін Атамқұлов марқұмның үйіне келген екен. Бірақ отбасы мүшелеріне ол көңіл айту үшін емес, өзін ақтау үшін келген секілді көрінген.

«Отырды ақталып. Оның сөзін журналисттердің басқалай жеткізгені менің анам мен әжеме керек сияқты. Министрдің сөзін кейін теледидардан естідім. Сонда журналисттердің ештеңені асырып жазбағанын түсіндім. Егер ол айтқан сөзінің дұрыс екеніне сенген болса, онда ол сотқа барып, оны жоққа шығаруды талап ететін еді. Оның әр сөзі өтірік. Менің әкем ешқайда ұрланып кірген жоқ. Ол орталық қақпа арқылы кіріп, сол жерді видеоға түсіріп жүрді. Видеодан көшедегі қаптаған адамдарды көруге болады. Ал министр бәрінің павильондардың ішінде жүргенін айтыпты», — дейді марқұмның ұлы.

Сондай-ақ, ол әкесі қосалқы мердігер компанияның қызметкері болды деген ақпаратты да жоққа шығарды.

«Менің әкем өмір бойы білім беру саласында еңбек еткен құрметті азамат», — деді зейнеткердің ұлы.

Марқұмның ұлының сөзінше, тергеу істің қалай жүріп жатқаны жөнінде мәлімет бермей отыр. Ал отбасыға көрсетілген материалдық көмек туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз