Кеше Димаш Құдайберген ҚХР Хунань провинциясының Чанша қаласында өткен «Сакура фестивалінің» ашылу салтанатына арналған кешкі концертке қатысты.
Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі мәлім етті.
Видеодан Димаш көрермендердің ортасына шығып, ән салғанын көруге болады. Ел шулап, есінен танып қала жаздады. Ал осы фестивальға билет сатып алғандар “Періште келді, періштені көреміз” десіп жазып жатты.
Концертке кіретін билеттің құны – 520 юань немесе 24 мың теңге. Айта кетейік, кеше Хунань телеарнасының эфиріне «Singer» байқауының 8-ші кезеңінің көрсетілімі шықты. Бұл кезеңде Димаш 5-ші орын алған болатын.
Димаш аты аңызға айналған қытай әншісі Хань Хуннің «Таң атты» әнін қытай тілінде орындаған болатын.
9-шы кезеңнің көрсетілімі сенбі, 17 наурыз күні эфирге шығады. Димаштың бұл кезеңде 2-ші орын алғаны белгілі. Ол танымал канадалық әнші Селин Дионның «All bymyself» әнін орындады.