Жамбыл облысында жер сілкінісінен зардап шеккен үйлердің саны бастапқы есептеулерден әлдеқайда аз болып шықты. Алғашында 122 үй бүлінді деп хабарланғанымен, нақты зақымданған баспаналар саны небәрі 12 екені анықталды.
Үкіметтік жұмыс тобы тұрғындардан түскен арыздарды қарау барысында кейбір үйлердің бұған дейін де ескі әрі тозығы жеткенін анықтады. Мамандар шығын мөлшерін есептеу үшін әлі де сараптама жүргізу қажет екенін айтады. Өйткені Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарында 17 әлеуметтік нысанға зақым келген. Әсіресе, Меркі ауданында 5 балдық жер сілкінісі тіркеліп, аудандық аурухана, бірнеше ауылдық амбулатория, оңалту орталығы мен балабақшалардың қабырғаларында жарықтар пайда болған.
«Екі әлеуметтік нысан мен бірқатар тұрғын үйлердің зақымданғаны туралы өтініштер келіп түсті. Қазір арнайы мамандар мен ғылыми-зерттеу институтының және салалық мемлекеттік органдардың өкілдері жағдайды зерттеп жатыр. Осы сараптамалардың нәтижесіне қарай тиісті шешім қабылданады», – дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаев.