Жамбыл облысындағы екі жолаушының арасындағы кикілжіңнің соңы атысқа айналып, оған екі ауылдың тұрғындары қатысқан, деп хабарлайды өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Тергеу анықтағандай, 6 қараша күні кешкісін Аса ауылынан Құмтиын ауылына кетіп бара жатқан көліктің екі жолаушысы арасында кикілжің туындайды.
“Түн ортасында кикілжіңнің соңы Аса және Құмтиын ауылдары тұрғындарының жанжалына ұласып, бытыралы тегіс ұңғылы қарудан оқ атылған”, — делінген хабарламада.
“Жамбыл ауданы Қаракемек ауылының 30 жастағы тұрғыны кеудесінен жарақат алып, қаза тапты”,- деп мәлімет берді ведомство.
Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары орындалып жатыр.